Қоғам

Ұлытау облысы Әділет департаменті 2026 жылдың алғашқы бес айындағы жұмыс қорытындылары мен құқықтық саладағы цифрландыру бағытындағы нәтижелерді таныстырды

2026 жылғы 25 маусымда Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Ұлытау облысы Әділет департаменті басшысының орынбасары Маулен Мінажадинұлы Кайруллаевтың қатысуымен брифинг өтті.

Брифинг барысында департаменттің 2026 жылдың алғашқы бес айында атқарған жұмыстары мен құқықтық саладағы цифрландыруды дамыту бағытында жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы ақпарат берілді.

Спикердің айтуынша, Ұлытау облысы Әділет департаменті коммерциялық емес ұйымдарды мемлекеттік тіркеу, заң көмегін ұйымдастыру, құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу, нотариаттық және адвокаттық қызметті үйлестіру, атқарушылық іс жүргізу және зияткерлік меншік құқықтарын қорғау бағыттарында жүйелі жұмыстар атқаруда.

Есептік кезеңде департаментке жеке және заңды тұлғалардан 515 өтініш түсіп, олардың 346-сы қаралды, 153 өтініш құзыреті бойынша тиісті мемлекеттік органдарға жолданды.

Құқықтық көмек көрсету саласында мемлекет кепілдік берген заң көмегі шеңберінде 279 азаматқа заң көмегі көрсетілді. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен бөлінген 20 млн теңгенің 8,2 млн теңгеден астамы игерілді.

Азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында облыс аумағында 193 құқықтық түсіндіру іс-шарасы ұйымдастырылып, оған 6997 адам қатысты. Сонымен қатар, «Әділет кеңес береді», «Тегін заң көмегі күні», «Ашық есік күндері» акциялары аясында тұрғындарға тегін құқықтық кеңестер берілді.

Нотариат саласында облыста 40 нотариус қызмет атқаруда. Есепті кезеңде 4 нотариусқа қатысты 5 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 2 құқық бұзушылық анықталды. Әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылған нотариустар тіркелген жоқ.

Атқарушылық іс жүргізу бағытында өңірде 4 мемлекеттік және 21 жеке сот орындаушы жұмыс істейді. Олардың өндірісінде 75 мыңнан астам атқарушылық құжат бар. Алимент өндіру бойынша проблемалық істерге талдау жүргізіліп, борышкерлердің мүліктерін анықтау және өндіріп алу шараларын күшейту бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Жыл басынан бері 6 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, нәтижесінде 55 борышкер жұмысқа орналастырылды. Сондай-ақ, Полиция департаментімен бірлесіп «Борышкер» профилактикалық рейдтік іс-шаралары тұрақты түрде өткізілуде.

Коммерциялық емес заңды тұлғаларды тіркеу бағытында 132 тіркеу әрекеті жүзеге асырылып, мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерін бұзу фактілері тіркелмеді.

Ресми құжаттарға апостиль қою бойынша 143 мемлекеттік қызмет көрсетіліп, оның ішінде 21 апостиль электрондық форматта рәсімделді.

Зияткерлік меншік құқықтарын қорғау және насихаттау бағытында 122 іс-шара өткізілді. Қазіргі уақытта Ұлытау облысы бойынша «Ұлытау ұны», «Вода Ұлытау» және «Жаңаарқа қымызы» атты үш географиялық көрсеткіш тіркелген.

Брифинг барысында құқықтық саланы цифрландыру бойынша жүзеге асырылып жатқан жобаларға ерекше назар аударылды.

Атап айтқанда, 2024 жылдан бастап іске қосылған «Робот сот орындаушысы» жобасы аясында азаматтар 20 АЕК-ке дейінгі берешектер бойынша жеке сот орындаушыларының қызмет ақысын төлемей, өндіріп алу рәсімдерін автоматты түрде жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болды. Нәтижесінде тұрғындардың шамамен 21 млн теңге қаражаты үнемделген.

Сондай-ақ, «Цифрлық атқарушылық жазба» пилоттық жобасы енгізіліп, азаматтарға нотариусқа бармай-ақ, «Мобильді үкімет» жүйесі арқылы онлайн түрде қарсылық жолдау мүмкіндігі берілді.

Атқарушылық іс жүргізудің барлық тараптары үшін «Тараптар кабинеті» электрондық сервисі қолжетімді болып, азаматтар өз атқарушылық істерінің орындалу барысын онлайн режимде бақылауға мүмкіндік алды.

Сонымен қатар, «Әділет» құқықтық ақпараттық жүйесінде жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін «Виртуалды Робот-кеңесші» чат-боты іске қосылды. Жаңа сервис тәулік бойы жұмыс істеп, азаматтарға құқықтық мәселелер бойынша жедел кеңес береді.

Брифинг қорытындысында Маулен Кайруллаев құқықтық қызметтердің қолжетімділігін арттыру, азаматтардың құқықтық мәдениетін көтеру және құқықтық саланы одан әрі цифрландыру жұмыстары жалғасатынын атап өтті.

TuraNews

Back to top button