Жезқазғанда өрт қауіпті кезеңдегі өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы талқыланды

2026 жылғы 25 маусымда Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Өрт қауіпті кезеңіндегі өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы» тақырыбында брифинг өтті.
Іс-шараның спикері – Жезқазған қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау подполковнигі Ерсеитов Аян Байконурович.
Брифинг барысында спикер өңірде өрт қауіпті кезеңнің басталуына байланысты өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау қажеттігіне тоқталды. Оның айтуынша, көктемгі-жазғы маусымда ауа температурасының жоғарылауы, жауын-шашын мөлшерінің азаюы, құрғақ шөптердің көбеюі және желдің күшеюі табиғи және тұрмыстық өрттердің туындау қаупін арттырады.
Жезқазған қаласы аумағында өрт қауіпті кезең сәуір айынан қазан айына дейін жалғасады. Осы кезеңде өрттің шығуы мен таралуына қолайлы жағдайлар қалыптасып, шағын тұтанулардың қысқа уақыт ішінде ауқымды өрттерге ұласу қаупі жоғары болады.
Спикердің мәліметінше, табиғи және тұрмыстық өрттердің басым бөлігі адам факторымен байланысты. Өрттердің негізгі себептері қатарында отты абайсыз пайдалану, сөндірілмеген темекі тұқылдарын тастау, қоқыс пен құрғақ шөптерді бақылаусыз өртеу, электр желілерінің ақаулары, балалардың отпен ойнауы және табиғи факторлар аталды.
Брифинг барысында тұрғындарға дала және орман алқаптарында, сондай-ақ елді мекендерде сақталуы тиіс негізгі өрт қауіпсіздігі талаптары түсіндірілді. Атап айтқанда, рұқсат етілмеген орындарда от жағуға, құрғақ шөптер мен қоқыстарды өртеуге, темекі тұқылдарын тастауға жол берілмейтіні ескертілді. Сонымен қатар тұрғындарға үй маңындағы аумақтарды құрғақ шөптерден тазалау, электр және газ жабдықтарының жарамдылығын бақылау, алғашқы өрт сөндіру құралдарын әзір күйінде ұстау қажеттігі айтылды.
Спикер өрт немесе түтін байқалған жағдайда азаматтарды дереу «101» немесе «112» нөмірлеріне хабарлауға, адамдарды қауіпсіз жерге эвакуациялауға және дүрбелеңге жол бермеуге шақырды.
Сондай-ақ брифингте Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 336-бабына сәйкес қалдықтарды, қоқыстарды, құрғақ шөптерді және өзге де қалдықтарды жинау, сақтау немесе жағу кезінде атмосфералық ауаны қорғау және өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғатыны атап өтілді.
Брифинг қорытындысында тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтап, өз қауіпсіздігі мен қоршаған ортаны қорғауға жауапкершілікпен қарау қажеттігі ескертілді. Өрттің алдын алу – адам өмірін, денсаулығын, табиғи ресурстар мен материалдық құндылықтарды сақтаудың ең тиімді жолы екені атап өтілді.



