БастыЭкономика
Trending

Қазақстан Ақтау портының әлеуетін арттыруда

Ақтау теңіз портында кеме қатынасының қауіпсіздігін арттыруға және Транскаспий халықаралық көлік бағытының (ТХКБ) өткізу қабілетін ұлғайтуға бағытталған Ақтау порты акваториясын тереңдету жобасын іске асыру жалғасуда. Бүгінгі таңда жобаны іске асыру үшін қажетті геодезиялық зерттеу жұмыстарын және алынған деректерді өңдеу аяқталды, деп хабарлайды ҚР Көлік министрлігі.

Дайындық кезеңі аясында арнайы тереңдету жұмыстарын жүргізетін флот, басқа да техникалар мен жабдықтар жұмылдырылып жатыр. Сонымен қатар, учаскеде қоршау бөгетін салу жұмыстары жалғасады. Қазіргі уақытта жалпы ұзындығы 785 метр болатын құрылыстың 680 метрі салынды.

Негізгі тереңдету жұмыстарын ағымдағы жылдың шілде айының екінші жартысында бастау жоспарланған. Жобаны 2026 жылдың соңына дейін толық аяқтау көзделіп отыр. Жұмыстардың нәтижесінде порт акваториясы 6–7 метрге дейін тереңдетіледі. Бұл кемелердің толық жүктелуін қамтамасыз етуге және жүктерді өңдеу тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Жоба ТХКБ әлеуетінің артуына ықпал ететін негізгі факторлардың бірі: 2028 жылға қарай оның қуаты 6 млн тоннадан 10 млн тоннаға дейін ұлғайтылмақ. Бұл Қазақстанның Шығыс – Батыс бағыты бойындағы маңызды көлік-логистикалық торап ретіндегі рөлін одан әрі нығайтуға ықпал етеді.

2026 жылдың 5 айында ТХКБ арқылы Қытай – Еуропа бағыты бойынша контейнерлік тасымал көлемі 30%-ға өсті.

 

TuraNews

Back to top button