Ұлытау: «Әке өнегесі – ұрпаққа аманат» этно-фестивалі өтті

Республикалық Әкелер күні қарсаңында Жаңаарқа ауданындағы «Амангелді ордасында» «Әке өнегесі – ұрпаққа аманат» атты аудандық этно-фестиваль ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – әке мәртебесін арттыру, отбасы құндылықтарын насихаттау, ұрпақ тәрбиесіндегі әкенің рөлін дәріптеу және ұлттық салт-дәстүрлерді жастар арасында кеңінен таныту.
Фестивальдің ашылу салтанатында Жаңаарқа ауданы әкімінің орынбасары Аманжолов Әсет Жұмажанұлы құттықтау сөз сөйлеп, аудан тұрғындарын мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде әкенің отбасы мен қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтіп, ұлттық құндылықтарды сақтау мен кейінгі ұрпаққа жеткізудегі әкелердің жауапкершілігіне тоқталды.
Сондай-ақ, аудандық мәслихат депутаты, аудандық Әкелер кеңесінің төрағасы Сейпішов Қайсар Амангелдіұлы сөз алып, отбасы институтын нығайту, әке беделін көтеру және өнегелі тәрбиенің маңыздылығы туралы ой-пікірімен бөлісті.
Этно-фестиваль аясында ұлттық ойындар мен дәстүрлерді дәріптейтін түрлі алаңдар ұйымдастырылып, қолөнер шеберлерінің көрмесі, жастарға арналған танымдық және тәрбиелік шаралар өтті. Қатысушылар шеге қағу, шалма лақтыру секілді ұлттық ойындарға қатысып, қазақ халқының бай мәдени мұрасымен танысты.
Шара барысында өнегелі әкелерді ұлықтау мақсатында арнайы номинациялар табысталды:
🔹 «Ардақты әке» номинациясы – Әділханов Журналбек Мұқажанұлына;
🔹 «Үздік әке» номинациясы – Саможонов Семен Александровичке;
🔹 «Өнегелі әке» номинациясы – Сейпішов Қайсар Амангелдіұлына;
🔹 «Белсенді әке» номинациясы – Сүлейменов Аян Серікбайұлына табысталды.
Фестиваль соңында қатысушылар мен қонақтар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, әке өнегесін дәріптеуге бағытталған мұндай тағылымды шаралардың маңызы зор екенін атап өтті.
«Әке өнегесі – ұрпаққа аманат» этно-фестивалі ұлттық құндылықтарды насихаттап, ұрпақ тәрбиесіндегі әкенің ерекше орнын айшықтаған мазмұнды әрі тағылымды мерекеге айналды.


