Денсаулық

Әскери медицина – адам өмірін сақтаудың алдыңғы шебінде

Медицина қызметкерлері күні қарсаңында 5518 әскери бөлімінің медицина қызметінің бастығы, медицина қызметінің аға лейтенанты Нұрзат Мұханқызы өз қызметінің ерекшеліктері мен маңыздылығы туралы айтып берді.

Әскери медицина – жауапкершілігі жоғары, жедел әрекет пен кәсібилікті талап ететін сала. Нұрзат Мұханқызының айтуынша, олардың басты мақсаты – жеке құрамның денсаулығын сақтау және кез келген жағдайда уақтылы көмек көрсету.

– Әскери медицина қызметінің негізгі бағыты қандай?

– Біздің негізгі бағытымыз – әскери қызметшілердің денсаулығын сақтау, аурулардың алдын алу және қажетті жағдайда жедел медициналық көмек көрсету. Сонымен қатар, біз төтенше жағдайларға әрдайым дайын болуымыз керек.

– Бұл қызметтің қоғам үшін маңызы неде?

– Әскери қызметшілер – ел қауіпсіздігінің тірегі. Сондықтан олардың денсаулығы – мемлекет қауіпсіздігінің бір бөлігі. Біз сол жауапкершілікті толық сезінеміз.

– Сіз үшін медицина мамандығы нені білдіреді?

– Бұл – тек мамандық емес, бұл – үлкен жауапкершілік пен адам өміріне деген құрмет. Әр науқас – біз үшін маңызды.

– Әріптестеріңізге тілегіңіз?

– Барша медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, сабырлық және еңбектеріңізге табыс тілеймін!

Әскери медицина қызметкерлері – күнделікті тыныштық пен қауіпсіздіктің көрінбейтін сақшылары. Олардың еңбегі әрдайым құрметке лайық.

TuraNews

Back to top button