ҚоғамСпорт

Ұлытау облысында жастар арасында «Спорт есірткіге қарсы» атты ауқымды спорттық іс-шара өтті

Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орайластырылған ауқымды шараны Ұлытау облысы полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы ұйымдастырған.

Спорт алаңында өткен тартысты бәсекеге мектеп оқушыларынан құралған 6 команда қатысып, өзара мықтыны анықтады. Жарыс барысында жеткіншектер ептілік, жылдамдық және командалық ауызбіршілік бойынша сынға түсті.

Полиция өкілдерінің айтуынша, бұл шараның басты ерекшелігі – жастарға есірткінің зиянын жай ғана ескерту емес, оны спортпен ұштастыра отырып түсіндіру болған.

Салауатты өмір салты – басты таңдау

Іс-шараға тек тәртіп сақшылары ғана емес, сонымен қатар профилактика кеңесінің мүшелері мен еріктілер де белсене қатысты. Олар жасөспірімдермен ашық пікір алмасып, салауатты өмір салтын ұстанудың маңызын жан-жақты түсіндіріп берді.

Ұйымдастырушылар мұндай бастамалардың тәрбиелік мәні зор екенін алға тартады: «Мұндай шаралар жастарды спортқа баулып қана қоймайды, олардың құқықтық сауаттылығын арттырып, зиянды әдеттерден аулақ болуына оң ықпал етеді. Біз жастардың таңдауы – спорт пен сергек өмір болғанын қалаймыз. Осындай шаралар арқылы өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар береміз», – дейді ұйымдастырушылар.

Полиция департаменті алдағы уақытта да жастар арасында құқық бұзушылық пен нашақорлықтың алдын алу бағытындағы осындай креативті жобаларды жалғастыра беретінін жеткізді. Жарыс соңында белсенді қатысушылар мен жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталды.

TuraNews

Back to top button