Ұлытау: Жаңаарқа ауданында ауыл тұрғындары сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді

Қазақстан Республикасы Президентінің халыққа Жолдауында белгіленген ауылдық елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларды орындау аясында Жаңаарқа ауданында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылды.
Атап айтқанда, Ералиев ауылдық округіне қарасты 189 разъезд және Ақбастау елді мекендерінде ауыз су желілерін тарту жобасы толық аяқталды. Жобаның жалпы құны 451,9 млн теңгені құрап, қаржыландыру облыстық бюджет пен арнайы мемлекеттік қор есебінен жүргізілді. Құрылыс жұмыстарын «Жаңаарқа-2006» ЖШС мердігер ұйымы атқарды.
Жоба нәтижесінде 224 тұрғын мен 56 үй сапалы ауыз сумен қамтылды. Су жүйесін салу барысында халықты тұрақты әрі санитарлық қауіпсіз сумен қамтамасыз етуге бағытталған заманауи технологиялық және сәулет-құрылыс шешімдері қолданылды. Нысандар гидрооқшаулағышы бар монолитті темірбетон негізінде салынды, ішкі коммуникациялар коррозияға төзімді материалдардан жасалып, авариялық ағызу және дренаждық сорғылармен жабдықталды. Сонымен қатар, желінің жекелеген учаскелеріне қызмет көрсетуге арналған камералар, құдықтар және бақылау-өткізу пункттері орнатылды.
Сондай-ақ, Ералиев ауылдық округіне қарасты Жомарт станциясында да ауыз су жүйесін салу жұмыстары толығымен аяқталды. Жобаның құны 449,4 млн теңгені құрап, қаржыландыру облыстық бюджет пен арнайы мемлекеттік қор қаражаты есебінен жүзеге асырылды. Құрылыс жұмыстарын «Жаңаарқа-2006» ЖШС орындады.
Нәтижесінде Жомарт станциясындағы 120 тұрғын мен 30 үй тұрақты әрі сапалы ауыз суға қол жеткізді. Жобаны іске асыру барысында заманауи инженерлік шешімдер қолданылып, су жүйесінің қауіпсіздігі мен сенімділігі қамтамасыз етілді.
Бүгінде аталған жобалардың толық аяқталуы ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға зор үлес қосуда. Халықтың таза ауыз суға қолжетімділігін қамтамасыз ету – мемлекет саясатының маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.



