ӘлемБасты
Trending

Ыстанбұлдағы «Нөлдік қалдық» фестиваліне 1 миллионнан астам адам қатысты

Ыстанбұлдағы Ататүрік әуежайында өткен «Нөлдік қалдық» (Sıfır Atık) фестивалі өз мәресіне жетті.

Түркияның «TRT Haber» телеарнасының хабарлауынша, Ыстанбұл губернаторлығы мен «Нөлдік қалдық» қоры бірлесіп ұйымдастырған бұл шарада 1500-ден астам іс-шара өтіп, оған 1 миллионнан астам адам келген.

Төрт күнге созылған фестиваль алаңы балаларға экологиялық тәрбие беретін өзіндік орталыққа айналды. Іс-шара 16 миллион халқы бар Ыстанбұл тұрғындары үшін қоршаған ортаны қорғау дағдыларын отбасымен бірге тәжірибеде қолданып, үйренетін тиімді алаң болды.

Сонымен қатар, фестиваль аясында өткен Халықаралық сыфыр атык форумына 183 елден өкілдер қатысты. Ыстанбұл губернаторы Давут Гүл бұл жиынның қаланың халықаралық беделін арттыруға, сондай-ақ елдің туризмі мен сыртқы саудасына үлкен серпін беретінін атап өтті. Форум соңында қатысушы елдердің қолдауымен «Ыстанбұл декларациясы» қабылданып, «Ыстанбұл критерийлері» бекітілді. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта бұл шараны Нью-Йорк, Париж, Лондон сияқты ірі қалалардағы климат апталықтары секілді тұрақты дәстүрге айналдыруды жоспарлап отыр.

Түрік тіліндегі «Sıfır Atık» тіркесін қазақ тіліне сөзбе-сөз аударғанда «Нөлдік қалдық» деген мағынаны береді. Аталмыш тұжырымдаманың негізгі мақсаты — қалдықтарды тек қайта өңдеу немесе жою емес, олардың пайда болуын ең басынан бастап болдырмау. Ол өндіріс пен тұтыну процесінде ресурстарды үнемдеуді, өнімдерді қайта пайдалануды және қоршаған ортаға зиянды қоқыстарды мүлдем шығармауды көздейді. Түркияда бұл қозғалыс мемлекеттік деңгейде қолдау тауып, ауқымды экологиялық бағдарламаға айналды.

TuraNews

Back to top button