2025 жылы 1 миллионнан астам туристі баурап алған бұл жоба 2026 жылдың 1 маусымы мен 1 қазаны аралығында ел аумағындағы 20 тарихи нысанды қамтиды. Көне Эфестен Немрут тауына, Галата мұнарасынан Зевгмаға дейінгі тарихи орындар кешкі сағат 19:00-ден бастап түн ортасына дейін келушілерге есігін айқара ашады. Бұл бастама мәдени туризмді әртараптандырып қана қоймай, күндізгі кептелісті азайтуға және тарихи ескерткіштерді тұрақты басқаруға септігін тигізеді.
Ыстанбұл мұражайлары түн құшағында
Түркияның мәдени астанасы Ыстанбұл — түнгі шамдар жарығында мүлдем бөлек күйге енетін алғашқы аялдама. Биыл жазда қала қонақтары елдің тұңғыш мұражайы саналатын, сан түрлі өркениеттердің жәдігерлері жинақталған Ыстанбұл археологиялық мұражайын, қала шамдары мен Алтын мүйіз шығанағына панорамалық көрініс ашатын Галата мұнарасын және бұрынғы Ибраһим паша сарайында орналасқан Түрік және ислам өнері мұражайын түнде аралай алады. Археологиялық мұражайдағы әлемдегі ең көне бейбітшілік келісімі мен махаббат дастанын тамашалап, түн ортасында ислам өнерінің құндылықтарына бойлау — нағыз рухани саяхат.


Эгей аспаны астындағы ежелгі дәуір
Эгей теңізінің жүрегі Измирде орналасқан әйгілі Эфес көне қаласы жұлдызды аспан астында қайта туғандай әсер қалдырады. Рим империясынан қалған шаһар арнайы түнгі жарықтандыру жүйесінің арқасында монументалды сәулетін паш етіп тұр.
Эгей аймағында түнде жанданатын өзге де нысандардың қатарында Денизлидің мақтанышы — Иераполис көне қаласы мен Айдындағы Аполлон храмы бар. Памуккаленің аппақ травертиндерімен астасып жатқан Иераполистің ежелгі театры мен көшелері түнде сиқырлы кейіпке енеді. Ал Дидимадағы ежелгі әлемнің ең үлкен ғибадатханаларының бірі — Аполлон храмы өзінің зәулім бағандарымен түнде де ерекше айбынды көрінеді.



Түрік Ривьерасының жұлдызды соқпақтары
Ликия, Памфилия және Писидия аймақтарының тарихын қосқан Анталья өзінің ежелгі қалаларын түн жамылғанда аралауға шақырады. Рим дәуірінен аман жеткен ең зәулім театры бар Аспендос, әлемдегі алғашқы демократиялық парламент ғимараты мен қалпына келтірілген тарихи маягі бар Патара, сондай-ақ теңіз жағасындағы аңызға айналған Аполлон храмы орналасқан Сиде қалалары арнайы түнгі иллюминациямен көріктендірілген. Бұған қоса, Аланья және Ликия өркениеттері мұражайлары да түнге дейін жұмыс істейді.


Анатолия інжу-маржандары ай сәулесінде
Анатолияның түкпір-түкпіріндегі бірегей ескерткіштер де бұл тізімнен тыс қалмаған:
-
Немрут тауы (Адыяман): Әлемге әйгілі алып құдайлар мүсіндері орналасқан бұл мекенге түн ортасынан бастап таң шапағын қарсы алуға дейін (04:00–09:00) баруға болады.
-
Ахлат Селжұқтар қорымы (Битлис): Түркі дәуірінің тас қашау өнерінің бірегей үлгілері түнде ерекше реңк алады.
-
Деринкую жерасты қаласы (Каппадокия): Алғашқы христиандар паналаған таудағы бұл тылсым мекенді түнде аралау ашық аспандағыдан да ерекше сезім сыйлайды.
Сонымен қатар Анкарадағы Анатолия өркениеттері мұражайы, Газиантептегі әйгілі Зевгма мозаика мұражайы, сондай-ақ Шанлыурфа мұражай кешендері өздерінің баға жетпес жәдігерлерін түн ортасына дейін келушілер назарына ұсынады.
2026 жылғы «Түнгі мұражайлар» тізімі мен жұмыс уақыты:
-
Адыяман — Немрут археологиялық сайты (04:00 – 09:00)
-
Анкара — Анатолия өркениеттері мұражайы (21:00-ге дейін)
-
Анталья — Аспендос көне қаласы (22:00-ге дейін)
-
Анталья — Аланья мұражайы (22:00-ге дейін)
-
Aнталья — Патара көне қаласы (22:00-ге дейін)
-
Анталья — Ликия өркениеттері мұражайы (21:00-ге дейін)
-
Анталья — Сиде көне қаласы (22:00-ге дейін)
-
Айдын — Аполлон ғибадатханасы (21:00-ге дейін)
-
Битлис — Ахлат Селжұқтар қорымы (21:00-ге дейін)
-
Денизли — Иераполис көне қаласы (23:00-ге дейін)
-
Газиантеп — Зевгма мозаика мұражайы (21:00-ге дейін)
-
Ыстанбұл — Ыстанбұл археологиялық мұражайы (22:00-ге дейін)
-
Ыстанбұл — Галата мұнарасы (23:00-ге дейін)
-
Ыстанбұл — Түрік және ислам өнері мұражайы (22:00-ге дейін)
-
Измир — Эфес көне қаласы (Сәрсенбі-Жұма күндері аралығында) (23:00-ге дейін)
-
Мугла — Бодрум суасты археологиялық мұражайы (22:00-ге дейін)
-
Мугла — Мармарис мұражайы (22:00-ге дейін)
-
Невшехир — Деринкую жерасты қаласы (21:00-ге дейін)
-
Шанлыурфа — Шанлыурфа мұражайы (21:00-ге дейін)
-
Шанлыурфа — Халеплибахче мозаика мұражайы (21:00-ге дейін)



