Қоғам
Trending

Ұлытау облысында жалпыға бірдей декларациялау және мобильді аударымдар мәселелері түсіндірілді

2026 жылғы 5 маусымда Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Жалпыға бірдей декларациялау және мобильді аударымдар» тақырыбында брифинг өтті.

Іс-шараға Ұлытау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Альсеитов Асыл Абаевич және түсіндіру жұмысы және Байланыс-орталығы бөлімінің басшысы Бижаксин Сырым Серикович қатысты.

Брифинг барысында спикерлер 2026 жылы жүзеге асырылатын жалпыға бірдей декларациялау талаптары мен мобильді аударымдарды салықтық әкімшілендіру тәртібіне қатысты өзекті мәселелерді түсіндірді.

Асыл Альсеитовтің айтуынша, 2026 жылы декларациялау жүйесіне қатысатын азаматтардың жекелеген санаттары 2025 есепті жыл үшін кірістер мен мүлік туралы 270.00 нысанындағы декларацияны 2026 жылғы 15 қыркүйекке дейін тапсыруға міндетті.

Спикер декларацияны мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары мен құрылтайшылары, жеке практикамен айналысатын тұлғалар, шетелдік активтері бар азаматтар, сондай-ақ заңнамада белгіленген өзге де тұлғалар ұсынуы тиіс екенін атап өтті.

Сонымен қатар декларацияда шетелден алынған кірістер, шетелдік банктік шоттар, шетелдегі жылжымайтын мүлік, шетелдік компаниялардағы бағалы қағаздар мен қатысу үлестері және заңнамада көзделген өзге де мәліметтер көрсетілетіні түсіндірілді. Ал жалақы, зейнетақы төлемдері, банк депозиттері бойынша кірістер және Қазақстан аумағында тіркелген мүлік декларацияда көрсетілмейді.

Брифинг барысында 270.05 қосымшасын толтыру тәртібіне де ерекше назар аударылды. Бұл қосымша сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптары қолданылатын тұлғаларға арналған және онда мүлікті сатып алу, сату немесе өтеусіз алу туралы мәліметтер көрсетіледі.

Өз кезегінде Сырым Бижаксин мобильді аударымдарды бақылау мәселесіне тоқталып, азаматтар арасында кеңінен талқыланып жүрген сұрақтарға жауап берді.

Оның айтуынша, мобильді аударымдардың өзіне салық салынбайды. Салық тек табысқа салынады. Егер аударым тауарлар сату, жұмыстар орындау немесе қызмет көрсету нәтижесінде алынған төлем болса, ол қолданыстағы салық заңнамасына сәйкес табыс ретінде қарастырылуы мүмкін.

Спикер сондай-ақ туыстар арасындағы аударымдар, мерекелік сыйлықтар, ата-аналардың мектеп немесе балабақша қажеттіліктеріне жинаған қаражаттары кәсіпкерлік қызметтен түскен табыс болып саналмайтынын және салық салу объектісіне жатпайтынын атап өтті.

Брифингте мобильді аударымдарды бақылаудың негізгі мақсаты азаматтардың жеке қаражат қозғалысын қадағалау емес, тіркелмеген кәсіпкерлік қызметті анықтау және салық заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету екені айтылды.

Кездесу соңында спикерлер азаматтарды салық міндеттемелерін уақытылы орындауға, декларацияларды алдын ала тапсыруға және кәсіпкерлік қызметті заң талаптарына сәйкес ресімдеуге шақырды.

Ұлытау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті тұрғындарға барлық қажетті түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілетінін және салық заңнамасына қатысты сұрақтар бойынша мемлекеттік кірістер органдарына жүгінуге болатынын хабарлады.

TuraNews

Back to top button