Қоғам
Trending

Ұлытау облысы республикада алғаш болып «Smart Point» цифрлық кеңістігін ашты

Ұлытау облысы әкімдігі мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бірлескен экожүйесі негізінде құрылған «Smart Point» цифрлық кеңсесінің ашылуына облыс әкімі Дастан Рыспеков пен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев қатысты.

«Smart Point» – дәстүрлі әкімшілік кеңістік емес, әлемдік үздік тәжірибелерге, соның ішінде Apple Store форматындағы ашық архитектура қағидаттарына негізделген заманауи сервистік хаб. Орталықтың басты мақсаты – тұрғындарға ыңғайлы, қолжетімді және ашық орта қалыптастырып, цифрлық технологияларды күнделікті өмірге кеңінен енгізу.

«Бүгінде халыққа мемлекеттік қызметтерді барынша ыңғайлы әрі қолжетімді ету – басты міндеттердің бірі. Енді тұрғындар түрлі қызметті бір жерден, кезексіз әрі заманауи форматта ала алады. Бұл — уақытты үнемдеуге, артық әуре-сарсаңды азайтуға мүмкіндік береді. Ең бастысы, азаматтарға бұрынғыдай әр мекемені аралап, банк бөлімшелеріне барып төлем жасап жүрудің қажеті болмайды. Барлық сервис бір кеңістікте қолжетімді болады. Ұлытау облысының республика бойынша мұндай форматтағы жобаны алғаш болып іске қосуы – біз үшін үлкен жетістік әрі өңірдің цифрлық трансформацияға дайын екенінің нақты көрінісі», – деді облыс әкімі Дастан Рыспеков.

Жоба халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға, өзіне-өзі қызмет көрсету мәдениетін дамытуға және мемлекеттік қызметтерді ұсынудың жаңа сапалы деңгейін қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар, «Smart Point» азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды жеңілдетіп, өңірдің цифрлық трансформациясын жеделдетуге ықпал етеді.

 

 

 

 

TuraNews

Back to top button