ШҚО-да табиғи өртті сөндіру бойынша оқу-жаттығу өтті
Шығыс Қазақстан облысында «Өрт-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында табиғи өртті сөндіру бойынша практикалық жаттығулар өткізілді.
Оқу-жаттығу сценарийіне сәйкес, «Черемшанка орман шаруашылығы» КММ аумағында құрғақ найзағай разрядының салдарынан орманды-дала аймағында өрт шыққан. Желдің жылдамдығы секундына 12–14 метрге жетіп, өрт қаупінің жоғары деңгейіне байланысты тілсіз жау тез таралып, жоғары өртке ұласқан.
Оқиға орнына жеткен орман шаруашылығы қызметкерлері барлау жұмыстарын жүргізіп, жақын маңдағы елді мекенге қауіп төніп тұрғанын анықтады. Осыған байланысты төтенше жағдай аймағына күштер мен құралдар жедел түрде жұмылдырылып, тұрғындарды эвакуациялау ұйымдастырылды.
Орман шаруашылықтары мен табиғи қорық қызметкерлері өрттің таралуына жол бермеу үшін минералдандырылған жолақтар жасап, өрт шетін сөндіру жұмыстарын қатар жүргізді. Сонымен қатар, өртпен күреске ТЖД өрт сөндірушілері, екінші құтқару батальонының әскери қызметшілері тартылды.
Әуеден өртті сөндіруге су төгу құрылғысымен жабдықталған «Қазавиақұтқару» МИ-8 тікұшағы жұмылдырылды. «Қазавиаорманқорғау» қызметкерлері мен ерікті өрт сөндіру жасақтары орман алқаптарын қорғау жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ оқиға орнына «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ өрт сөндіру пойызы келіп, мол көлемде су жеткізді.
Глубокое ауданының Жастар ресурстық орталығының еріктілері өрт сөндіруге қатысушыларды ыстық тамақпен және ауызсумен қамтамасыз етті. Ал ҚР ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының ШҚО филиалының дәрігерлері зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетті.
Құтқарушылардың, орманшылардың және жергілікті атқарушы органдардың үйлесімді әрекеттерінің нәтижесінде 150 гектар аумақтағы өрт толықтай оқшауланып, сөндірілді.
ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Исхар Савазов атап өткендей, мұндай оқу-жаттығулар төтенше жағдай кезінде мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өзара іс-қимыл алгоритмін жетілдіруге және елді мекендерге қауіп төнген жағдайда азаматтық қорғау қызметтерінің дайындығын бағалауға мүмкіндік береді.



