
Түркістан қаласында 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне орай дәстүрлі облыстық спартакиада басталды. Ауқымды спорттық шараға өңірдің түрлі басқармалары мен аудан-қалаларынан келген 1000-ға жуық мемлекеттік қызметші қатысып, өзара мықтыны анықтауда.
Спартакиаданың салтанатты ашылу рәсімінде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысушыларға құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде мемлекеттік қызметтің жауапкершілігі мен маңызын атап өтіп, қызмет сапасын арттыруда салауатты өмір салтының рөлі зор екенін жеткізді.
Облыс әкімінің орынбасары атап өткендей, мемлекеттік қызмет – ел мүддесіне адал қызмет етуді талап ететін маңызды сала. Бұл міндетті жоғары деңгейде атқару үшін денсаулықтың мықты болуы, рухтың берік болуы және физикалық белсенділіктің маңызы ерекше.
Сонымен қатар ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын айтып өтті. Президент бастамаларының нәтижесінде елімізде спорт инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.
– Соңғы жылдары өңірімізде спорт саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Өткен жылы облыс аумағында 102 спорт нысаны пайдалануға берілді. Биыл тағы 20 жаңа спорт нысанын аяқтап, ел игілігіне тапсыру жоспарлануда. Бұл – мемлекет тарапынан бұқаралық спортты дамытуға жасалып отырған нақты қолдаудың көрінісі, – деді Ертай Кенжебекұлы.
Биылғы спартакиада бағдарламасына спорттың бірнеше түрі енгізілген. Қатысушылар шағын футбол, волейбол, баскетбол 3х3, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, шахмат, жүзу, қазақ күресі және киберспорт сияқты бағыттар бойынша бақ сынауда. Бұл жарыстар мемлекеттік қызметшілердің жан-жақты дайындық деңгейін көрсететін маңызды алаңға айналды.
Спорттық дода Түркістан қаласындағы заманауи спорт кешендерінде өтіп жатыр және бірнеше күнге созылады. Жарыс барысында қатысушылар тек өз шеберліктерін ғана емес, командалық рух пен ұйымшылдықты да көрсетуде.
Спартакиаданың негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметшілер арасында бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, әріптестік қарым-қатынасты нығайту және өңірлік командалар арасындағы өзара тәжірибе алмасуға жағдай жасау.
Сонымен қатар бұл жарыс алдағы республикалық деңгейдегі спартакиадаға қатысатын Түркістан облысының құрама командасын іріктеу кезеңі болып табылады. Жеңімпаздар шілде айында өтетін республикалық жарыста облыс намысын қорғайтын болады.
Жарыс қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте үздік нәтиже көрсеткен командалар кубоктармен марапатталады. Ал спорт түрлері бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен медальдар табысталады.



