Мәдениет
Trending

Түркістанда Мәдениет және өнер қызметкерлері күнінде Қасымхан Бегмановтың шығармашылық кеші өтті

21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне орай Түркістан қаласында көрнекті ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы мен Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Қасымхан Бегмановтың шығармашылығына арналған «Қазақ деп мұңға баттым мен» атты әдеби-сазды ән-жыр кеші жоғары деңгейде ұйымдастырылып өтті.

Шара басталар алдында қонақтар арнайы кітап көрмесін тамашалап, ақын шығармалары мен оның әдеби мұрасына арналған басылымдармен танысты. Көрмеде Қасымхан Бегмановтың поэзиясы, публицистикалық еңбектері және қазақ әдебиетіне қосқан үлесін айқындайтын жинақтар көпшілік назарына ұсынылды.

Кештің шымылдығы ақынның «Қазағым» атты термесімен ашылып, залға жиналған көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады. Бұдан кейін «Жаңа леп» шығармашылық ұжымы ақынның шығармашылық жолына арналған әдеби композиция ұсынып, қаламгер туралы замандас ақын-жазушылардың пікірлерін сахналық форматта жеткізді. Кеш барысында көрермендерге Қасымхан Бегмановтың өмірі мен шығармашылығы туралы кеңінен мағлұмат беріліп, оның қазақ поэзиясындағы орны ерекше атап өтілді.

Рухани іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің құттықтауын жеткізді. Ол өз сөзінде Қасымхан Бегманов шығармашылығының ұлттық әдебиет пен руханияттағы орны айрықша екенін атап өтіп, ақынның елдік пен рухты дәріптеген еңбектері жас ұрпақ үшін маңызды өнеге екенін жеткізді. Сонымен қатар өңірде мәдениет пен әдебиетті қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жалғасып жатқанын айтты.

Шара барысында «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын әрі ҚР Президенті Әкімшілігінің консультанты Қалқаман Сарин сөз сөйлеп, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Кариннің атынан арнайы Алғыс хат табыстады. Ол Қасымхан Бегмановтың қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегін жоғары бағалап, оның шығармашылығы ұлттық руханияттың маңызды бөлігі екенін ерекше атап өтті.

Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында өткен әдеби-сазды кешке еліміздің белгілі ақын-жазушылары мен қоғам қайраткерлері қатысты. Атап айтқанда, Мереке Құлкенов, Қансейіт Әбдезұлы, Есберген Алауханов, Серік Елікбай сынды зиялы қауым өкілдері қатысып, ақын шығармашылығы туралы тағылымды пікірлерімен бөлісті. Олар қазақ поэзиясының қазіргі даму үрдісі мен рухани маңызы жөнінде ой қозғады.

Кештің негізгі мақсаты – Қасымхан Бегманов шығармашылығын кеңінен насихаттау, ұлттық әдебиетті дәріптеу, жастардың поэзияға деген қызығушылығын арттыру және елдік рух пен ұлттық құндылықтарды ұлықтау болды. Сонымен қатар мұндай рухани кештердің қоғамдағы әдеби-мәдени сананы қалыптастырудағы маңызы ерекше екені атап өтілді.

Әдеби-сазды кеш барысында ақын сөзіне жазылған танымал әндер орындалып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Сахна төрінде орындалған музыкалық және поэтикалық нөмірлер кештің мазмұнын тереңдетіп, рухани атмосфераны күшейтті.

Кеш барысында Қасымхан Бегманов көрермендермен еркін пікір алмасып, қазіргі қазақ поэзиясының ахуалы, әдеби тіл мәдениеті және ән мәтіндерінің сапасы туралы ой қозғады. Ол өз шығармашылық жолынан естеліктер айтып, жас қаламгерлерге ақыл-кеңесін бөлісті.

Тағылымды кештің соңында ақын Қасымхан Бегманов қорытынды сөз сөйлеп, руханиятқа көрсетілген құрмет үшін ұйымдастырушылар мен қатысушыларға алғысын білдірді. Ол мұндай кештердің әдебиет пен өнердің дамуына серпін беретінін атап өтті.

Қазақ поэзиясы мен өнерін ұлықтаған бұл рухани кешке жиналған қонақтар ерекше әсерге бөленіп, жоғары көңіл-күймен тарқасты.

TuraNews

Back to top button