Мәдениет
Trending

Нұралхан Көшеров қаламгерлермен руханият мәселесін талқылады

Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аясында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қазақстанның руханият саласына елеулі үлес қосып жүрген белгілі қаламгерлермен арнайы кездесу өткізіп, елдің мәдени-рухани дамуына қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Бұл басқосу әдебиет пен руханиятты дамытуға бағытталған мазмұнды диалог алаңына айналды.

Кездесуге Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын әрі этнограф Қасымхан Бегманов, сондай-ақ ақын Қалқаман Сарин қатысты. Жиын барысында ұлттық әдебиеттің қазіргі жай-күйі, рухани құндылықтарды сақтау және Түркістан қаласының түркі әлеміндегі тарихи-мәдени миссиясы жан-жақты қарастырылды.

Облыс әкімі өз сөзінде мәдениет пен өнердің ұлт руханиятындағы айрықша орнын атап өтіп, Түркістан өңірінде әдебиет пен өнерді қолдау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді. Ол зиялы қауым өкілдерінің қоғамдағы рөліне тоқталып, олардың шығармашылық еңбегі ұлттық сананы жаңғыртуға және рухани дамуға зор ықпал ететінін ерекше атап өтті.

Сондай-ақ Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысының бастамасымен өңірде ауқымды жаңғыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтып, Түркістанның соңғы жылдары жаңа даму кезеңіне қадам басқанын жеткізді. Оның айтуынша, қала тек тарихи орталық қана емес, сонымен қатар түркі әлемінің рухани астанасы ретінде халықаралық деңгейде мойындала бастады.

Әкім жуырда өткен түркі мемлекеттері басшыларының бейресми саммитінде Түркістанның ерекше атап өтілгенін еске салып, бұл жағдайдың өңір беделін арттырғанын айтты. Оның пікірінше, Түркістанды дамыту – бұл тек бір қаланы емес, тұтас ұлттық рухты нығайту деген сөз.

Кездесу барысында сөз алған Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов Түркістанда өткен халықаралық деңгейдегі маңызды іс-шараларға жоғары баға берді. Ол қаланың рухани әрі мәдени дамуының айқын көрініс беріп отырғанын атап өтіп, әдебиетке қолдау көрсету ел болашағына салынған инвестиция екенін жеткізді.

Қаламгер Қасымхан Бегманов өз сөзінде Түркістанды Алаш рухының темірқазығы ретінде сипаттап, көне шаһардың тарихи және рухани маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Түркістан ғасырлар бойы ақын-жыраулардың жырларына арқау болған қасиетті мекен ретінде ұлттық сананың қалыптасуына үлкен ықпал еткен.

Ал ақын Қалқаман Сарин өңірде атқарылып жатқан мәдени-рухани жобаларға оң бағасын беріп, Түркістанның жаңарған келбеті қазақ әдебиеті мен мәдениетіне жаңа серпін беріп отырғанын айтты. Ол қаламгерлерге көрсетіліп жатқан қолдаудың маңыздылығын ерекше атап өтті.

Кездесу барысында қатысушылар әдебиет пен мәдениетті қолдау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, тарихи мұраны сақтау және жас ұрпаққа насихаттау бағытындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Сонымен қатар Түркістанның халықаралық мәдени-гуманитарлық орталық ретіндегі рөлін одан әрі күшейту қажеттігі айтылды.

Жиын қорытындысында зиялы қауым өкілдері өңір басшылығының руханият саласына көрсетіп отырған қолдауына жоғары баға беріп, Түркістанның рухани дамуына бағытталған бастамалардың алдағы уақытта да жалғасатынына сенім білдірді.

TuraNews

Back to top button