Туризм
Trending

Түркістан халықаралық туризмнің жаңа тартылыс нүктесіне айналуда

Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті шаһардың халықаралық деңгейдегі беделін айтарлықтай арттырып, көне қалаға деген шетелдік және ішкі туристердің қызығушылығын күрт күшейтті. Ауқымды саяси және тарихи маңызы бар іс-шарадан кейін Түркістанға ағылатын туристер мен зиярат етушілер саны еселеп өсіп, қаланың туристік инфрақұрылымына түсетін жүктеме де айтарлықтай артты.

Соңғы күндері әсіресе демалыс кезеңдерінде Түркістан бағыты бойынша әуе рейстеріне сұраныс бірнеше есеге көбейген. Жолаушылардың көптігіне байланысты кейбір бағыттарда билет тапшылығы байқалып отыр. Қонақ үйлер мен орналастыру орындарында бос орын табу қиындап, алдын ала брондау көрсеткіші жоғарылаған. Қаладағы тарихи-мәдени нысандарда келушілер легі үздіксіз артып, экскурсиялық топтардың саны күннен-күнге көбейіп келеді.

Әсіресе Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ең көп баратын рухани орталықтардың бірі ретінде ерекше сұранысқа ие болып отыр. Зияратшылар санының артуы тек Қазақстан азаматтары арасында ғана емес, шетелдік қонақтар арасында да байқалуда. Бұл жағдай Түркістанның тек тарихи қала ғана емес, халықаралық деңгейдегі рухани орталық ретінде танылып келе жатқанын көрсетеді.

Ресми статистикалық деректерге сәйкес, 2025 жылдың қорытындысында Түркістан облысына келген туристер саны 500 мың адамды құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 15,9 пайызға артқан. Оның ішінде шетелдік туристер саны 23 мың адамға жуықтады. Өңірге келушілер арасында Өзбекстан, Қытай, Түркия, Ресей және Германия мемлекеттерінің азаматтары көш бастап отыр.

Орналастыру орындары көрсеткен қызмет көлемі 8,5 миллиард теңгеге жетіп, туризм саласының экономикалық маңызы арта түскенін көрсетті. Ал 2026 жылдың алғашқы тоқсанының өзінде-ақ өңірге келген туристер саны 70 мың адамды құрап отыр. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 550 мың туристке дейін жеткізу жоспарланған.

Сондай-ақ тарихи-мәдени нысандарға келушілер саны да тұрақты өсім көрсетуде. Өткен жылы бұл көрсеткіш 1 миллион адамнан асып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 13 пайызға артқан. 2026 жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша тарихи орындарға 334,8 мың адам келгені тіркелді. Бұл деректер Түркістанның мәдени-рухани туризм орталығы ретіндегі рөлінің одан әрі күшейіп келе жатқанын айғақтайды.

Туризм саласындағы оң серпінге халықаралық деңгейдегі іс-шаралар, соның ішінде Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті де айтарлықтай әсер етті. Сарапшылардың пікірінше, бұл оқиға Түркістанның түркі әлемінің ортақ рухани орталығы әрі маңызды туристік бағыт ретіндегі мәртебесін одан әрі нығайтты.

Қазіргі таңда өңірде 300-ге жуық қонақ үй мен түрлі орналастыру нысандары, сондай-ақ 300-ге тарта демалыс және туристік аймақтар жұмыс істеп тұр. Бұл инфрақұрылым туристер ағынын қабылдауға және қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік беруде.

Әуежайлар мен теміржол вокзалдарындағы жолаушылар санының артуы да өңірдегі туризмнің қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Туристік компаниялар алдағы айларда Түркістанға келушілер легі одан әрі ұлғая түседі деп болжауда.

Бүгінде Түркістан тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл түркі әлемінің рухани және мәдени орталықтарының біріне айналып келеді. Қаладағы тарихи мұралар мен заманауи инфрақұрылымның үйлесімі оны халықаралық туристік картадағы маңызды бағыттардың біріне айналдыруда.

TuraNews

Back to top button