Қоғам
Trending

Түркістанда мәдениет және өнер қызметкерлері марапатталды

Бүгін Түркістан қаласында Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай салтанатты мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, өңірдің рухани-мәдени дамуына үлес қосып жүрген сала мамандары кең көлемде марапатталды. Мерекелік жиын жоғары деңгейде өтіп, оған облыс әкімдігінің өкілдері, мәдениет мекемелерінің басшылары, өнер ұжымдары мен шығармашылық қауым қатысты.

Салтанатты шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев арнайы қатысып, жиналғандарды кәсіби мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде мәдениет пен өнердің қоғам өміріндегі маңызын ерекше атап өтіп, бұл сала ел руханиятының негізі екенін жеткізді. Сондай-ақ өңірде мәдени инфрақұрылымды дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.

– Күні кеше ғана Түркі Мемлекеттері ұйымының бейресми саммитін абыроймен өткізіп алдық. Бұл – еліміздің ғана емес, Түркістан өңірінің де беделін көтеретін маңызды оқиға. Осындай ірі бастамалардың барлығы сіздердің күнделікті тынымсыз еңбектеріңіздің нәтижесі деп білеміз. Облыс аумағында жаңа мәдениет ошақтары бой көтеріп, халықтың рухани сұранысын өтеуге бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соңғы жылдары аудан, қалаларда бірнеше мәдениет үйлері іске қосылып, биылдың өзінде тағы бірқатар нысанның құрылысы қарқынды жүріп жатыр, – деді Ертай Кенжебекұлы.

Оның айтуынша, өңірдегі мәдениет мекемелері тек ішкі іс-шаралармен шектелмей, республикалық және халықаралық деңгейдегі байқауларда да жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Театр сахналарында жаңа қойылымдар тұрақты түрде қойылып, көрерменге мазмұнды әрі сапалы мәдени өнім ұсынылуда. Концерттік ұйымдар да ел ішіндегі және шетелдік гастрольдік сапарларын кеңейтіп, қазақ өнерін халықаралық деңгейде танытуда.

Сондай-ақ биыл «Конгресс холл» кешенінің «Алқоңыр» ансамблі Еуропа елдерінде өнер көрсетіп, ұлттық өнердің биік деңгейін паш еткені атап өтілді. Бұл жетістік өңір мәдениетінің халықаралық аренадағы беделін арттырған маңызды оқиғалардың бірі ретінде бағаланды.

Мерекелік жиын барысында бірқатар мәдениет және өнер саласының қызметкерлері жоғары мемлекеттік және ведомстволық марапаттарға ие болды. Олардың қатарында «Ерен еңбегі үшін» медалі мен «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі иегерлері бар. Сонымен бірге бірнеше маманға Түркістан облысы әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары табысталды.

Шара барысында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева да сөз сөйлеп, сала мамандарына ізгі тілегін білдіріп, бірқатар қызметкерлерге арнайы Алғыс хаттар тапсырды.

Кәсіби мереке қарсаңында ұйымдастырылған «Музейлер шеруі» байқауы да ерекше маңызға ие болды. Байқаудың қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталып, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ғалымжан Ерназаров үздік деп танылған қатысушыларды марапаттап, оларға бағалы сыйлықтар мен автокөлік кілттерін табыстады.

Мерекелік кеш көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Алдымен қонақтар «Мәдениеттің көрінбес қырлары» атты арнайы дайындалған промо-роликті тамашалап, өңірдегі мәдениет саласының дамуы мен жетістіктерімен танысты. Бұдан кейін «Алтын тамыр» би ансамблі «Өнер» хореографиялық қойылымын ұсынып, сахналық өнердің жоғары деңгейін көрсетті.

Кештің сәнін елімізге танымал эстрада жұлдыздары – Маржан Арапбаева мен Гүлнұр Оразымбетова толықтырып, әсем әндерімен көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Залға жиналған қауым әрбір өнер нөмірін ыстық ықыласпен қабылдап, ұзақ қол шапалақпен қошемет көрсетті.

Айта кету керек, бүгінде киелі Түркістан шаһары облыс орталығы ретінде қарқынды дамып, жаңару мен жаңғыру кезеңін бастан өткеріп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Түркістанға ерекше мәртебе берілуі өңірдің дамуына жаңа серпін берген маңызды шешімдердің бірі болды. Сонымен қатар Түркістан облысының құрылғанына биыл 8 жыл толып отыр.

Өңірде облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің бастамасымен мәдениет пен руханият саласын дамыту бағытындағы ауқымды жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта да Түркі әлемінің рухани орталығына айналған Түркістанда мәдени өмірді жандандыратын жаңа бастамалар мен ірі мәдени шаралар өткізу жоспарланып отыр.

TuraNews

Back to top button