Ұлытау облысында мүгедектік жағдайы және медициналық-әлеуметтік сараптаманың өзекті мәселелері талқыланды

2026 жылғы 26 мамырда Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Ұлытау облысы бойынша департаменті брифинг өткізді.
Брифингке Департамент басшысы Сатаева Айнұр Қанапияқызы және МӘС әдіснама және бақылау бөлімінің басшысы Ерғазинова Алтын Баезқызы қатысты.
Іс-шара барысында өңірдегі мүгедектік ахуалы, медициналық-әлеуметтік сараптаманың (МӘС) өзекті мәселелері, сырттай куәландыру тетіктері және МӘС жүйесіндегі ашықтықты қамтамасыз ету шаралары туралы ақпарат берілді.
Бүгінде Ұлытау облысында мүгедектігі бар адамдар саны 10 609 адамды құрайды, бұл облыс халқының 4,9 %-ы. Оның ішінде 9 678-і ересектер болса, 931-і – 18 жасқа дейінгі балалар.
2026 жылдың алғашқы төрт айында алғаш рет 205 адам мүгедек деп танылған, оның ішінде 64-і – балалар. Ересектер арасында мүгедектікке әкелетін негізгі себептер ретінде қан айналымы жүйесінің аурулары, қатерлі ісіктер және кәсіптік аурулар аталды.
Ал балалар арасында психикалық аурулар мен аутизм жағдайларының өсуі байқалып отыр. Мамандар мұны ерте диагностиканың жақсаруы, скринингтік тексерулердің енгізілуі және халықтың хабардарлығының артуымен байланыстырады.
Брифинг барысында сырттай және проактивті куәландыру жүйесінің артықшылықтарына ерекше тоқталды. Бұл формат азаматтарға медициналық-әлеуметтік сараптамадан үйден шықпай өтуге мүмкіндік береді және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге ықпал етеді.
2026 жылдың 4 айында Ұлытау облысында сырттай форматта 401 өтінім қаралған, бұл жалпы куәландырулардың 31,83 %-ын құрайды.
Сонымен қатар, республика көлемінде медициналық құжаттарды қолдан жасау фактілері анықталғаны айтылды. Қазіргі таңда осындай 167 жағдай бойынша тексеру жүргізілуде. Ұлытау облысында мұндай заңбұзушылықтар тіркелмегені атап өтілді.
Спикерлер медициналық-әлеуметтік сараптама жүйесінде ашықтықты, заңдылықты және әділдікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.



