
Түркияның ең ірі мегаполисіндегі Ататүрік әуежайы аумағында Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының ұйымдастыруымен өтіп жатқан 8-ші Халықаралық этноспорт мәдениет фестивалі өз жұмысын бастады.
Биылғы додаға әлемнің 25 елінен 1000-нан астам спортшы мен өнерпаз қатысып жатыр. Қазақстанның ақпараттық кеңістігінде де үлкен қызығушылық тудырған бұл ауқымды шараға жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен миллионға жуық көрермен жиналады.
Ұлттық спорт түрлері мен салт-дәстүрді дәріптеуді мақсат еткен бұл фестивальде Қазақстан намысын айтулы спортшылар мен шеберлер қорғауда. Атап айтқанда, биылғы сайыстарға елімізден аударыспақ пен теңге ілу спортының майталмандары келді. Сонымен қатар, қазақтың байырғы аңшылық өнерін паш ету үшін бүркітшілер мен құмай тазы баптаған саятшылар да Ыстанбұл төрінде өнер көрсетіп жатыр.
![]()
Спорттық бәсекелерден бөлек, фестивальдің мәдени бағдарламасы да өте ауқымды. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, биылғы концерттік бағдарламаның басты жұлдыздарының бірі — Қазақстанның Халық әртісі, әлемге танымал әнші Димаш Құдайберген.
Ол 23 мамыр күні фестивальдің бас сахнасында (Türk Telekom Main Stage) өзінің арнайы бір сағаттық жеке концерттік бағдарламасын ұсынады.

Төрт күнге жалғасатын бұл мәдени-спорттық шараның жабылу салтанаты да осы өнерпаздардың қатысуымен ерекше сәнді өтпек.
Бұдан бөлек, интернет әлемінде, әсіресе түркі тілдес елдерде «Homay» (Хұмай) әнімен кеңінен танылып, хитке айналған әйгілі татар-башқұрт электронды-этно тобы «Ay Yola» да осы шараның қонағы болып, өздерінің танымал туындыларын орындайды.

Ыстанбұлдағы Ататүрік әуежайында өтіп жатқан этноспорт фестивалінің барлық іс-шараларына, соның ішінде Димаш Құдайберген мен өзге де өнерпаздардың концерттеріне қатысу және кіру толығымен тегін.
Ежелгі бабалар рухын жаңғыртқан фестиваль 24 мамырға дейін жалғасады.


