
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін, 2026 жылғы 21 мамырда Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Ақорда таратқан ресми мәліметке сәйкес, мәдениет саласындағы айрықша жетістіктері және Қазақстан алдындағы ерекше еңбегі үшін бірқатар азаматтар мемлекеттік наградалармен марапатталды. Осы салтанатты шара аясында түркиялық белгілі саясаткер және ғалым Күршад Зорлуға ІІ дәрежелі «Достық» ордені табысталды. Жоғары марапатты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз қолымен тапсырып, екі ел арасындағы байланысты нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалады.
Орден тапсыру рәсімінен кейін Күршад Зорлу мінберге шығып, алғыс сөзін сөйледі. Ол өз сөзін қазақ тілінде бастап, бұл марапаттың өзі үшін үлкен мәртебе екенін атап өтті:
«Аса құрметті Президент! Осы маңызды күнде бұл жоғары марапатқа мені лайықты көргеніңіз үшін алғысымды білдіремін», — деді ол.

Сонымен қатар Күршад Зорлу Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның Қазақстан халқына жолдаған ыстық сәлемін жеткізді. Ол өткен аптада Түркия Президентінің Қазақстанға жасаған сапарының маңыздылығына тоқталып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ердоғанға алғаш рет «Қожа Ахмет Яссауи» орденін тапсырғанын ерекше атап өтті.
Өз сөзінің соңында Зорлу екі ел арасындағы бауырластыққа тоқталып, жүрекжарды тілегін білдірді:
«Түркия – Қазақстан бауырластығы жасасын! Жасасын Қазақ елі! Алға, Қазақстан!»
Бұған дейін Президент мәдениет және өнер саласы мамандарына алғыс білдіргенін жазған едік.



