Астанада «Осман мемлекеті және өркениеті тарихы» атты екі томдық еңбектің таныстырылымы өтті
Кеше, 20 мамырда елордадағы Ұлттық қолжазбалар және сирек кітаптар орталығының мәжіліс залында «Осман мемлекеті және өркениеті тарихы» атты екі томдық іргелі еңбектің қазақ тіліндегі аудармасының ресми таныстырылымы өтті.
Аталған туынды «Білім-Қазына» қоғамдық қоры мен Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығының (IRCICA) бірлескен жобасы аясында жарық көрген. Бұл еңбек Осман империясының 1299–1923 жылдар аралығындағы алты ғасырлық тарихы мен мәдениетінің шынайы шежіресін қамтиды. Мамандардың пікірінше, кітап отандық ғылыми және танымдық әдебиет қорын байытатын бірегей қазына болмақ.
Салтанатты шараға Түркия Республикасының Астанадағы Елшілігінің Мәдениет және ақпарат кеңесшісі Зүлфи Томан, Елшіліктің Дін істері кеңесшісі Юсуф Аккуш, IRCICA Бас директоры, профессор, доктор Махмуд Эрол Кылыч және Ұлттық қолжазбалар және сирек кітаптар орталығының директоры Жандос Бекділдәұлы Болдықов қатысты.
Сонымен қатар бұл жиынға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Мемлекет тарихы институтының директоры, PhD Нұрбек Серікұлы Пусырманов, белгілі шығыстанушы ғалым, аудармашылар алқасының жетекшісі әрі ғылыми редакторы, профессор, доктор Әшірбек Құрбанұлы Муминов қатысты.
Жиын аясында өзге де отандық ғалымдар мен зерттеушілер сөз алып, жаңа басылымға қатысты өз пікірлері мен ғылыми бағаларын білдірді. Қатысушылар бұл аударма еуроцентристік көзқарастардан арылып, түркі-ислам өркениетінің мәдени тереңдігі мен мемлекеттік басқару жүйесін шынайы зерделеуге жол ашатынын алға тартты.
Кітап туралы қысқаша ақпарат
«Білім-Қазына» қоғамдық қоры мен IRCICA (Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығы) ұйымының бірлескен жобасы аясында қазақ тіліне аударылған «Осман мемлекеті және өркениеті тарихы» атты екі томдық іргелі еңбек — қордың классикалық кітаптарды ана тілімізде сөйлетуге бағытталған ауқымды бастамасының алғашқы жемісі. Ибн Халдун, Тойнби, Шпенглер сынды әлемдік ғұламалардың пайымдауынша, қуатты мемлекеттер адамзат игілігі үшін биік өркениеттерді тудырады. Осы тұрғыдан алғанда, бұл кітап түркі-мұсылман өркениетінің шарықтау шегі болған Осман империясының халифат дәрежесіне көтерілуіне дейінгі алты ғасырлық (1299-1923) тарихын, мәдениетін, ғылымы мен өнерін жан-жақты қамтитын бірегей анықтамалық басылым болып табылады.
Алғаш рет 1994 жылы жарық көрген бұл еңбек бұған дейінгі еуроцентристік көзқарастарға соққы беріп, Осман мемлекетінің үш құрлықты тітіреткен супер держава ғана емес, сонымен бірге терең мәдениет пен бірегей басқару жүйесін қалыптастырған өркениет екенін әлемдік ғылыми ортаға дәлелдеп берді. Кітаптың жоғары ғылыми салмағын оған арнайы алғысөз жазған Мұсылман ақсақалдар кеңесі Орталық Азия кеңсесінің басшысы әрі «Білім-Қазына» ҚҚ Президенті Сейдмұхаммед Әбдінаим мен IRCICA Бас директоры Махмуд Эрол Кылычтың есімдерінен-ақ байқауға болады.



