Өскемендегі Ұлттық ұланда оқушылар жарысқа түсті
Ұлттық ұланның Өскемендегі 5518 әскери бөлімінде «Жас Бүркіт 2026» әскери-патриоттық жиыны өтті.
Аталған іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік рухын қалыптастыру, әскери қызметке деген қызығушылықты арттыру және патриоттық тәрбиені нығайту болды. Салтанатты шараның шымылдығын «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының ардагерлер кеңесінің төрағасы отставкадағы полковник Айдар Оразбаев ашты.
— Сайысқа қаладағы «Жас Бүркіт» әскери сыныптары бар төрт мектеп қатысуда. Жас буынның әскери қызметке деген қызығушылығын нығайтатын әскери спорттық жарыстың өтуіне Ұлттық ұланның әскери бөлімінде барлық жағдай жасалған. Әскери бөлім аумағы заманауи спорттық алаңқайлар мен түрлі әскери жабдықтармен қамтылған, — дейді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының ардагерлер кеңесінің төрағасы отставкадағы полковник Айдар Оразбаев.
Әскери спорттық сайысқа қала мектептерінен іріктелген жоғары сынып оқушылары бақ сынады. Сайыс бағдарламасына спорттық және әскери-қолданбалы көпсайыс элементтері енгізілді. Жасөспірімдер саптық дайындық, кедергілер жолағынан өту, әскери эстафета, арқан тартыс, қаруды бұзып-шашу, оқжатарды жабдықтау сияқты бірқатар тапсырмаларды орындады.
— Біз «Жас Бүркіт — 2026» жарысына тыңғылықты түрде дайындалдық. Маған әсіресе, арқан тарту қиындық тудырды. Өйткені, мұнда өзіңнің өгіз күшіңе сенбей, командалық жігер мен қуат қажет. Дегенмен, сайыс қорытындысы бойынша біз жүлделі орынға ие болдық, — дейді №49 жалпы білім беретін мектептің оқушысы Едіге Сейітхан.
Сайыс қорытындысы бойынша №4 мектеп оқушылары жарыс жеңімпазы атанса, екінші орынға №49 мектептің білім алушылары жайғасты. Ал үшінші орынды №24 мектеп командасы иеленді. Жүлдегер командаларға мадақтама қағаздарымен мен кубоктар сонымен қатар бағалы сыйлықтар табысталды.



