Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынас екі ел мен түркі дүниесінің ғана емес, бүкіл Еуразияның болашағын айқындайтын зор әлеуетке ие. Бұл туралы Түркияның Әділет және даму партиясы Бас төрағасының орынбасары Күршат Зорлу Қазақ-түрік бизнес қауымдастығы арнайы форумында айтты, деп хабарлайды TuraNews.kz сайты Kazinform-ға сілтеме жасап.
Форум барысында сарапшылар мен саясаткерлер екі елдің транзиттік әлеуетін біріктіру мәселесін талқылады.
Түркиялық саясаткер Орта дәліздің өміршеңдігі осы екі мемлекеттің тығыз байланысына тікелей тәуелді екенін жеткізді.
– Қазақстан Орта дәліздің Азиядағы ең шешуші транзиттік нүктесінде орналасса, Түркия – осы дәліз арқылы Еуропаға ашылатын жалғыз қақпа. Сол себепті Қазақстан мен Түркия байланысы нығайған сайын Орта дәліздің де тынысы ашылып, бұл бүкіл Еуразияның сауда-логистикалық жүйесі мен экономикасына айтарлықтай ықпал етеді, — деп түйіндеді ол.
Еске сала кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Түркия президентімен кездесудің қорытындысы бойынша баспасөз конференциясын өткізген болатын.
Сонымен қатар түркиялық сарапшы білім беру жүйесінде цифрлық трансформация қандай мүмкіндіктерге жол ашатыны жөніндегі көзқарас-тұжырымымен бөліскен еді.



