ӘлемСаясат
Trending

Си Цзиньпин мен Дональд Трамп Бейжіңде келіссөз жүргізді

Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин 14 мамыр күні Бейжіңдегі Халық жиналысы сарайының шығыс алаңында АҚШ президенті Дональд Трампты ресми қарсы алу рәсімін өткізді. Бұл туралы Синьхуа агенттігі хабарлады, деп жазады Kazinform.

Қытай тарапының мәліметінше, Си Цзиньпин кездесу барысында Қытай мен АҚШ арасындағы ортақ мүдделер қайшылықтардан әлдеқайда көп екенін атап өтті. Оның айтуынша, екіжақты қарым-қатынастың тұрақты болуы бүкіл әлем үшін маңызды.

— Екі мемлекет қарсылас емес, серіктес болуы керек. Біз бір-бірімізге қолдау көрсетіп, ортақ өркендеуге ұмтылуымыз қажет, — деді Қытай көшбасшысы.

Сонымен қатар «Америка дауысы» радиосының хабарлауынша, келіссөзден кейін екі ел басшысы Бейжіңдегі Тяньтань ғибадатханасына бірге барады деп жоспарланған.

Ақ үйдің мәлімдеуінше, Дональд Трамп пен Си Цзиньпин бейсенбі күні ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген тарихи кешенді аралап көреді.

1420 жылы салынған Тяньтань ғибадатханасы Қытай императорлары егіннің мол болуын тілеп, «аспан мандаты» негізіндегі билігін айқындайтын рәсімдер өткізген орын ретінде белгілі. Сондықтан бұл нысан Қытай үшін ерекше саяси әрі мәдени символ саналады. Тяньтань кешеніндегі «Мол өнім тілеу ғибадатханасының» Дональд Трамп үшін де символдық мәні болуы мүмкін. АҚШ президенті Қытайдың америкалық фермерлер өндіретін соя, астық және ет өнімдерін көбірек сатып алуына мүдделі. Қытай қазіргі таңда АҚШ ауыл шаруашылығы өнімдерінің ең ірі экспорттық нарықтарының бірі болып отыр.

Айта кетейік, Дональд Трамптың бұл сапары — оның 2017 жылдан бергі Қытайға жасаған алғашқы сапары. Кездесу АҚШ пен Қытай арасындағы сауда қайшылықтары, өзара сенімнің әлсіреуі және жасанды интеллект саласындағы бәсекенің күшейген кезеңінде өтіп жатыр.

 

TuraNews

Back to top button