ШҚО-да «Заң мен тәртіп» қағидаты күшейтілуде: студенттерге еңбек құқықтарын қорғау жолдары түсіндірілді
Өскемен қаласында студенттер мен түлектерге арналған «Pro еңбек құқықтары» атты интерактивті кездесу өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, еңбек қатынастары саласындағы өзекті мәселелерді талқылау және еңбек құқықтарын қорғау тетіктерін түсіндіру.
Кездесу «Заң мен тәртіп» қағидатын насихаттау аясында ұйымдастырылып, жастарды ресми түрде жұмысқа орналасуға ынталандыруға бағытталды.
Іс-шара барысында еңбекке орналасу кезінде жиі кездесетін қате түсініктер талқыланып, нақты мысалдар сараланды. Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасы мен еңбек инспекциясының өкілдері студенттердің еңбек құқықтарының бұзылуына қатысты жағдайларды мысалға келтіріп, құқықтық қорғану жолдары мен даулы жағдайларда әрекет ету тәртібін түсіндірді.
Сондай-ақ жастарға жұмысқа кіріспес бұрын назар аудару қажет негізгі бес қадам таныстырылды.
ШҚО прокуратурасының 3-басқарма басшысы Жандос Қоныров жастарды құқықтық сауаттылыққа шақырып, еңбек шартын жасаудың маңыздылығына ерекше тоқталды.
– Әрдайым құқықтық сауаттылық танытып, өздеріңізді қорғаңыздар, міндетті түрде еңбек шартын жасаңыздар. Себебі сіздердің қауіпсіздіктеріңіз сол құжатпен тікелей байланысты. Әрбір жұмыс беруші қызметкерге қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етуге міндетті. Егер адам еңбек шартысыз жұмыс істеп, өндірісте жарақат алса, оның құқығын қорғау әлдеқайда қиын болады. Мұндай жағдайда сот процестері ұзаққа созылады, – деді ол.
Кездесуде цифрлық еңбек нарығына да ерекше назар аударылды. Спикерлер фриланс пен онлайн жұмыс істеудің тәуекелдері туралы айтып, өз құқықтарын қорғау үшін хат алмасуларды, скриншоттарды, төлем түбіртектерін және өзге де цифрлық дәлелдерді сақтаудың маңызын түсіндірді.
Магистрант Әділет Кәрібайдың айтуынша, мұндай кездесулер әсіресе жазғы демалыс қарсаңында өте өзекті.
– Жаз мезгілінде көптеген студенттер жұмысқа орналасады. Алайда кей жағдайда жұмыс берушілер жастарды алдап, еңбекақысын төлемей жатады. Сондықтан осындай түсіндіру кездесулері студенттердің алдын ала дайындалып, құқықтарын білуіне мүмкіндік береді, – деді ол.
Кездесу барысында студенттер еңбек қатынастарының негізгі қағидаттары туралы практикалық мәлімет алып, жұмысқа орналасу кезіндегі тәуекелдерді бағалауды және өз құқықтарын тиімді қорғау жолдарын үйренді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастырып, қоғамдағы әділдік, жауапкершілік және заң үстемдігі қағидаттарын нығайтуға ықпал етеді.



