Басты
Trending

ШҚО ТЖД өрт сөндіру автокөлігінің жүргізушісі мемлекеттік наградамен марапатталды

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан ерлігі мен жанқиярлығы үшін «Ерлігі үшін» медалімен ШҚО ТЖД Өскемен қаласы №3 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіру автокөлігінің жүргізушісі Қанат Қапанов марапатталды.

Азаматтық қорғау аға сержанты Қанат Қапанов құтқарушылар қатарында 6 жылдан астам қызмет етіп келеді, көптеген ірі өрттерді сөндіруге бірнеше рет қатысқан.

2025 жылғы 5 қараша күні ол қызметтен тыс уақытта Қасым Қайсенов кентіндегі тұрғын үйдің төртінші қабатындағы пәтерден түтін шығып жатқанын байқайды. Көп ойланбастан, ол түтінге толы кіреберіске кіріп, пәтерге өтіп, 10 жастағы баланы сыртқа алып шығады. Іште тағы бір баланың қалғанын білген Қапанов қайтадан түтін басқан пәтерге кіреді. Көру мүмкіндігі болмағандықтан, ол қолмен сипап жүріп, денсаулығында шектеуі бар баланы тауып, таза ауаға алып шығады.

Одан кейін ол көршілерді қауіп туралы хабардар етіп, тұрғындардың бірімен бірге бірінші қабаттағы мүмкіндігі шектеулі адамды эвакуациялайды. Қанат Қапановтың батыл әрі сауатты әрекеттерінің арқасында адам өмірлері құтқарылды.

Құтқарушының бұл ерлігі — шынайы батырлық пен жоғары кәсіби жауапкершіліктің айқын үлгісі. Оның төтенше жағдайдағы жанқияр әрекеті азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің адам өмірін құтқару жолында әрдайым батыл әрі кідіріссіз әрекет етуге дайын екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

TuraNews

Back to top button