Экономика

ШҚО-ның Глубокое ауданындағы кәсіпкер өз ауласын шағын құс фермасына айналдырды

Шығыс Қазақстан облысында ауыл кәсіпкерлігін дамытудың табысты үлгісін Глубокое ауданының Ново-Ульбинка ауылында орналасқан «AbiNar» өндірістік кооперативі көрсетіп отыр.

Өңірге жұмыс сапары аясында кәсіпорында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі Ералы Тұғжанов болды. Оған құс шаруашылығын дамыту және құс етін қайта өңдеу жобасы таныстырылды. Таныстырылымды облыс әкімінің орынбасары Дархан Сапанов, Глубокое ауданы әкімінің орынбасары Евгения Литвиненко және «Ертіс» ӘКК АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қанатбек Мырзабеков жүргізді.

Кооператив құс етін қайта өңдеуге маманданған. Жобаны жүзеге асыру үшін 25,23 млн теңге көлемінде микронесие тартылды. Бұл қаражатқа құсты сою және мүшелеуге арналған жабдық сатып алынып, сою пункті толықтай жабдықталды. Өндірісті іске қосу нәтижесінде ауылда екі тұрақты жұмыс орны ашылды.
Кооператив басшысы Азамат Кенжехан – «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасының қатысушысы. Оның кәсіпкерлік жолы өз ауласындағы шағын құс қорасынан басталған. Бастапқыда жоба отбасын табиғи өніммен қамтамасыз етуге бағытталса, уақыт өте келе толыққанды бизнеске айналды.

Өндіріс көлемін біртіндеп арттыра отырып, кәсіпкер тұрақты жеткізу жүйесін жолға қойып, жергілікті тұрғындардың сеніміне ие болды. Бүгінде «AbiNar» кооперативінің өнімі тұрақты сұранысқа ие, ал шаруашылықтың өзі жеке бастама мен мемлекеттік қолдаудың ауыл экономикасын дамытуға қалай ықпал ететінінің жарқын үлгісіне айналды.

TuraNews

Back to top button