ҚоғамЭкономика
Trending

Ұлытау облысында тұтынушылардың 20 млн теңгеден астам қаражаты қайтарылды

2026 жылғы 30 сәуірде Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ұлытау облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Қыдыров Шыңғыс Еркінұлының қатысуымен брифинг өтті. Іс-шара барысында департаменттің 2026 жылдың бірінші тоқсанындағы атқарылған жұмыстары қорытындыланды.

Брифингте атап өтілгендей, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жүктеген міндеттер аясында министрлік пен оған қарасты өңірлік департаменттер заманауи сауда экожүйесін қалыптастыру, отандық өндірісті қолдау, тұтынушылардың құқықтарын қорғау және экспорттық әлеуетті арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде.

2026 жылдың басынан бері департаментке тұтынушылардан түрлі кері байланыс арналары арқылы 147 өтініш келіп түсті. Оның ішінде:

  • Е-өтініш арқылы – 77 (52%),
  • жедел желі арқылы – 65 (44%),
  • азаматтарды жеке қабылдау – 1 (1%),
  • Telegram-бот арқылы – 4 (3%).

Жалпы алғанда, тұтынушылардың пайдасына 20 087 544 теңге көлемінде қаражат қайтарылған.

Тұтынушылар тарапынан келіп түскен шағымдардың басым бөлігі тұрмыстық қызметтер, байланыс қызметтері, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, сондай-ақ электрондық және бөлшек сауда салаларына қатысты.

Ішкі сауданы реттеу бағытында департамент әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін бақылауды жалғастыруда. Нәтижесінде бағаның тұрақтануы байқалады. 2026 жылдың I тоқсанының қорытындысы бойынша 35 кәсіпкерге сауда үстемесін негізсіз арттырғаны үшін әкімшілік шаралар қолданылып, 973 125 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Сонымен қатар:

  • 7 кәсіпкер баға жапсырмаларын орналастырмағаны үшін жауапкершілікке тартылып, 1 803 525 теңге айыппұл өндірілді;
  • 1 кәсіпкер тұтынушы бұрышын орналастырмағаны және жазбаша шағымға жауап бермегені үшін 108 125 теңге айыппұл төледі.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау және қауіпсіз өніммен қамтамасыз ету мақсатында министрлік «Сапалы өнім» жобасын жүзеге асыруда. Жоба аясында қоғамдық ұйымдармен бірлесіп мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде бірінші тоқсанда техникалық регламенттерге сәйкес келмейтін 19 тауар анықталып, тиісті шаралар қабылданды.

Департамент алдағы уақытта да тұтынушылардың құқықтарын қорғау, адал бәсекелестікті дамыту және ішкі нарықтағы тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарын жалғастыра береді.

Ұлытау облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тұрғындарды өз құқықтарын қорғауға белсенді болуға шақырады. Тауарлар мен қызметтерге қатысты заң бұзушылықтар анықталған жағдайда, уәкілетті орган әрқашан заң аясында тиісті шаралар қабылдауға дайын.

 

 

TuraNews

Back to top button