
Өзбекстанның Хиуа қаласында өткен III Халықаралық «Лазги» би фестивалі аясында ТҮРКСОЙ-ға мүше елдердің жоғары мемлекеттік би оқу орындары ректорлары мен басшыларының үшінші отырысы ұйымдастырылды. «Түркі әлемі халық билері антологиясы» тақырыбымен өткен жиында ортақ мәдени мұраны ғылыми негізде жинақтау және оны келер ұрпаққа аманаттау бағытында маңызды шешімдер қабылданды.
Өзбекстан Мәдениет министрлігі, Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымы және Өзбекстан Мемлекеттік хореография академиясының бастамасымен өткен шараға Өзбекстан Мәдениет министрінің орынбасары Муроджон Маджидов, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев, сондай-ақ Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түрікменстаннан келген ректорлар, сала мамандары мен ғалымдар қатысты.
Отырыс барысында 2025 жылдың 30 сәуірінде Анкарада өткен екінші жиында қабылданған шешімдердің іске асырылу барысы талқыланды. Осы орайда әзербайжан, қазақ, қырғыз, өзбек, түрікжәне түрікмен тілдерінде дайындалуы жоспарланған алты томдық «Түркі әлемінің халық билері антологиясы» жобасының жол картасы сарапталды.
Қатысушылар келесі мәселелер бойынша пікір алмасты:
- Білім беру мекемелері арасындағы ынтымақтастықты дамыту;
- Ғылыми және әдістемелік тәжірибе алмасуды арттыру;
- Ортақ мәдени жобаларды жүзеге асыру;
- Антология жобасының бірыңғай тұжырымдамалық негізін қалыптастыру.
Жиын аясында сарапшылар мен академиктер антологияның әр елге тиесілі бөлімдері бойынша тұжырымдамалық таныстырылымдар жасады. Баяндамаларда бауырлас халықтар билерінің тарихи дамуы, эстетикалық және этнографиялық ерекшеліктері, орындау мәнері, оқыту жүйесі және музыкалық мәдениеті секілді тақырыптар қамтылды. Сонымен қатар, ұлттық би мұрасын сақтау мен насихаттау мәселелеріне баса назар аударылды.
ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев өз сөзінде былай деді:
«Түркі әлемі халық билері антологиясы — ортақ құндылықтарымызды болашақ ұрпаққа жеткізетін негізгі дереккөздердің бірі болады. Халық билері — ұлттың рухын, тарихын және дүниетанымын бейнелейтін тірі мұра».
Жиын соңында халықаралық ынтымақтастықты нығайту және «Түркі әлемі халық билері антологиясы» жобасын жүзеге асыру туралы қорытынды шешім қабылданды. Осылайша, түркі дүниесінің бай би мұрасын ғылыми негізде жүйелеп, ортақ басылым ретінде шығарудың жаңа кезеңі басталды.



