
Үлкен Нарын ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру бағытында ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Бүгін аудан көлемінде өткен сенбілікке 4 мыңнан астам тұрғын қатысты. Акция барысында қатысушылар қоғамдық орындарды, көшелер мен аулаларды тазалап, қоқыстарды жинап, аумақтарды ретке келтіру жұмыстарын жүргізді. Елді мекендерде тазалық пен тәртіпті қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.
Жұмыстардың тиімді әрі жүйелі орындалуын қамтамасыз ету мақсатында арнайы техника жұмылдырылды. Соның нәтижесінде шамамен 20 мың қап қоқыс шығарылып, елді мекендердің санитарлық жағдайы айтарлықтай жақсарды.
Сонымен қатар сенбілік аясында көгалдандыру жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінді. Аудан аумағында мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылып, жасыл аймақтарды көбейтуге бағытталған игі бастамалар жүзеге асырылды.
Бұл экологиялық акцияға жастар, еріктілер ұйымдары және жергілікті белсенді азаматтар белсене қатысып, табиғатты қорғау мен туған өлкені көркейту ісіне өз үлестерін қосты. Жастардың белсенділігі экологиялық мәдениетті қалыптастыруда маңызды рөл атқарып отырғаны атап өтілді.
Сондай-ақ су айдындары мен демалыс орындарында да тазалық жұмыстары жүргізіліп, жағалау аумақтары қоқыстан тазартылып, ретке келтірілді. Бұл шаралар тұрғындардың демалыс аймақтарын қолайлы әрі қауіпсіз етуге бағытталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясындағы мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, өңірдің барлық елді мекендерін қамтитын болады.



