
Шығыс Қазақстан облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы сенбіліктер жүйелі түрде жалғасып келеді. Бүгін облыс орталығы Өскемен қаласының бірқатар аумағында кең көлемді тазалық және абаттандыру шаралары ұйымдастырылды.
Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов Жеңіс мемориалдық кешенінде өткен сенбілікке қатысып, жиналған тұрғындармен және еріктілермен кездесті. Шараға қала тұрғындары, түрлі ұйымдардың қызметкерлері, жастар және еріктілер қатысты. Сондай-ақ қоғамдық іске белсене араласып жүрген аға буын өкілдері де жастарға үлгі көрсетіп, сенбілікке атсалысты.
Өз сөзінде облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясының өңірде кең қолдау тауып отырғанын атап өтті.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен қолға алынған бұл экологиялық акцияны өңір тұрғындарының белсенді қолдап жатқаны қуантады. Адамдар өз еріктерімен қоғамдық орындарды, көшелер мен аулаларды тазалап, азаматтық жауапкершілігін көрсетіп отыр. Ең бастысы – осындай бастамаларды тұрақты дәстүрге айналдырып, балаларымызға табиғатты аялауды, қоршаған ортаны таза ұстауды үйретуіміз керек, — деді Нұрымбет Сақтағанов.
Сенбілік барысында аймақ басшысына Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов жаңа абаттандыру жобаларын таныстырды. Соның бірі — Жеңіс мемориалынан Лихарев көшесіне дейінгі аумақты қамтитын жаяу жүргіншілер аллеясын салу жобасы. Жоба «Өмір жолы» деп аталып, бұл аумақты заманауи қоғамдық кеңістікке айналдыруды көздейді.
Бұған дейін бұл аймақта жарықтандыру жүйесі толық дамымаған, тротуарлар ұзақ жылдар бойы жөндеу көрмеген болатын. Соның салдарынан тұрғындардың жүріп-тұруына қолайсыздық туындаған. Енді бұл аумақ толық жаңғыртылып, жаңа аллея ретінде қайта қалыптастырылмақ.
Жоба аясында заманауи жарық шамдары орнатылады, демалыс орындары мен орындықтар қойылады. Сонымен қатар футбол алаңы, спорттық және балалар ойын алаңдары да салынып, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасалады.
Аймақ басшысы жобаны таныстыру барысында ең басты міндет — тұрғындар үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру екенін атап өтті. Сондай-ақ ол тек аллея аумағын ғана емес, оған іргелес жатқан көшелер мен қоғамдық кеңістіктерді де кешенді түрде абаттандыру қажеттігін жеткізді.
Одан кейін Нұрымбет Сақтағанов «Самал» саябағына барып, онда жоспарланған қайта жаңарту жұмыстарымен танысты. Қала тұрғындары мен отбасылар жиі келетін бұл демалыс орнында ауқымды жаңғырту жобасы жүзеге асырылмақ.
Жоба аясында саябақ инфрақұрылымын жаңарту, қоршаулардың қорғаныш жабындарын қалпына келтіру, шағын сәулеттік нысандарды қайта жөндеу жоспарланған. Сонымен қатар футбол, баскетбол, волейбол алаңдары мен скейт-паркке күрделі жөндеу жүргізіледі.
Облыс әкімі қала әкімі мен мердігер ұйым өкілдеріне барлық жұмыстардың сапалы және белгіленген мерзімде орындалуы керектігін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, мұндай жобалардың басты мақсаты — қала тұрғындары үшін қолайлы, қауіпсіз және заманауи демалыс ортасын қалыптастыру.



