Қоғам
Trending

«Таза Қазақстан»: Ұлан ауданының жастары экологиялық тазалықты қолдайды

Шығыс Қазақстан облысында «Таза Қазақстан» экологиялық диалогы аясында жастармен кездесу ұйымдастырылып, қоршаған ортаны қорғау, табиғатты сақтау және экологиялық мәдениетті дамыту мәселелері кеңінен талқыланды. Іс-шараның негізгі мақсаты — қоғамда экологиялық жауапкершілікті арттыру және жастардың табиғатқа деген ұқыпты көзқарасын қалыптастыру.

Кездесу ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын жүзеге асыру жөніндегі тапсырмалары аясында өтті. Осы бағытта өңірде жылдық іс-шаралар жоспары бекітіліп, халық арасында түсіндіру жұмыстары мен түрлі форматтағы кездесулер жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді.

Ұлан аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Бауыржан Бигалиевтің айтуынша, экологиялық тазалық тек қоқыс жинаумен шектелмейді, ол — әр адамның күнделікті өмір салты мен ішкі мәдениетінен басталатын жауапкершілік.

— Тазалық – тек қоқыс жинау емес. Бұл – қоршаған ортаның жай-күйіне тұрақты түрде назар аудару, әр азаматтың жеке жауапкершілігінен басталатын іс. Сонымен қатар жастар мен жалпы халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру – біздің негізгі бағыттарымыздың бірі. Бүгін біз ауқымды сенбілік өткізуді жоспарлаған едік. Алдымен түсіндіру жұмыстарын, кейін аумақты тазалау шараларын өткізбек болдық. Алайда қолайсыз ауа райына байланысты сенбілік кейінге шегерілді. Қазіргі уақытта акцияның мәні мен маңызын түсіндіру жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде, — деді ол.

Оның айтуынша, жоспарланған сенбілікке шамамен 300 адам қатысуы тиіс болған. Олардың қатарында ауылдық округтердің тұрғындары, жергілікті бизнес өкілдері және мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері бар.

Кездесу барысында жастар да өз пікірлерімен бөлісіп, экологиялық бастамаларды қолдайтынын жеткізді. «Өскемен құс фабрикасы» АҚ қоршаған ортаны қорғау инженері Алина Лебедева Президент бастамасының маңыздылығына тоқталып, экологиялық мәдениетті қалыптастырудың үздіксіз процесс екенін атап өтті.

— Біз Ұлан ауданы әкімдігімен бірге ұйымдастырылған «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы диалогқа қатысып отырмыз. Әкімдікпен әріптестігіміз бұрыннан қалыптасқан, бұған дейін де аумақтарды тазалау жұмыстарына бірнеше рет қатысқанбыз. Президент бастамасын толық қолдаймыз, себебі тазалық тек сыртқы ортадан емес, адамның ішкі мәдениетінен басталады. Экологиялық тәрбие бала кезден қалыптасуы қажет. Біз биыл да осы маңызды бастамаға белсене атсалысып, оның идеясын қолдауды жалғастырамыз, — деді ол.

Жалпы, «Таза Қазақстан» бастамасы өңірде тек бір реттік акция емес, тұрақты экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған кең ауқымды қозғалысқа айналып отыр. Жастардың белсенділігі бұл бағыттағы жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасатынын көрсетеді.

TuraNews

Back to top button