
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдерде әртүрлі ұлт өкілдері Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып келеді. Солардың бірі — Ұлттық ұланның 6699 әскери бөлімінде мерзімді қызметін өтеп жүрген қатардағы жауынгер Абубакр Кучаков. Ол тек әскери тәртіппен ғана емес, спорттағы жетістіктерімен де қаруластары арасында ерекше құрметке ие. Тәжік ұлтының өкілі Абубакр көкпарға мектеп қабырғасынан бастап қызығып, бұл спортта елеулі жетістіктерге жеткен. 2024 жылы Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан ұлттық құрамасының сапында өнер көрсетіп, көкпардан жеңімпаз атанған.
– Көкпарда қорғаныс шебінде ойнадым. Қазандыққа салым салдырмай, қарсыластың жолын бөгеу үшін тек күш емес, астындағы аттың ептілігі де шешуші рөл атқарады. «Сникерс» пен «Құлагер» атты тұлпарларым мені ешқашан жерге қаратқан емес. Жалпы, көкпар ойыны түркі халықтарына ортақ ойын. Қазақстанға қоныс аударған атам да тәжік елінде атқа мініп, көкпар тартатынбыз деп жиі айтатын, — дейді қатардағы жауынгер.

Түркістан облысы Мақтарал ауданы Фердауси ауылының тумасы қазақ тілінде еркін сөйлейді. Қатардағы жауынгер ұлттық спорттың жастар арасында кеңінен дәріптелуіне өзіндік үлесін қосуда. Абубакр әскерден кейін жылқы баптап, тәжірибе жинап, алда болатын жарыстарда бағын сынап көрмек.
Қазіргі уақытта сарбаз Өскемен қаласындағы түзеу мекемелерінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде.
Айта кетейік, 6699 әскери бөлімінде онға жуық өзге ұлт өкілдері мерзімді әскери қызметін өткеріп жатыр.



