Жол қауіпсіздігі: Мопед жүргізушілері үшін жаңа заңнамалық өзгерістер

2026 жылғы 21 сәуірде Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде Әкімшілік полиция басқармасы бастығының қатысуымен «Мопед жүргізушілері арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу» тақырыбында брифинг өтті.
Спикер ретінде Әкімшілік полиция басқармасы бастығы сөз сөйлеп, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында қабылданып жатқан жаңа заңнамалық өзгерістерге тоқталды.
Брифинг барысында электрсамокаттар, мопедтер және өзге де жеке мобильді көлік құралдарын пайдалану тәртібіне енгізілген өзгерістер кеңінен түсіндірілді. Атап айтқанда, электрқозғалтқышы бар мотовелосипедтер мопедтер санатына жатқызылып, механикалық көлік құралдарына теңестірілетіні айтылды. Осыған байланысты оларды тіркеу, мемлекеттік нөмір алу және жүргізуші куәлігінің болуы міндетті екені ескертілді.
Сонымен қатар, 2026 жылғы 2 наурыздан бастап күшіне енген заңнамалық түзетулерге сәйкес, электрсамокат жүргізушілері үшін жауапкершілік күшейтілді. Жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін айыппұлдар ұлғайтылып, әсіресе жүргізу құқығы жоқ адамдарға самокат басқаруға рұқсат берген тұлғаларға қатаң санкциялар енгізілді.
2026 жылғы 1 шілдеден бастап кикшеринг қызметін көрсететін компанияларға да жаңа талаптар қойылады. Әрбір самокат тіркеліп, техникалық бақылаудан өтіп, пайдаланушылардың жүргізуші куәлігі тексерілуі тиіс. Сонымен қатар, міндетті сақтандыру жүйесі енгізіледі.
Спикердің айтуынша, аталған шаралар жол-көлік оқиғаларының алдын алуға, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға және жол қозғалысына қатысушылардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
2025 жылдың қорытындысы бойынша электрсамокат пайдаланушылары арасында Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 615-бабы бойынша 3922, ал 620-бабы бойынша 2029 құқық бұзушылық тіркелген.
Брифинг соңында тұрғындарға жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажеттігі ескертіліп, қауіпсіздік мәдениетін арттырудың маңыздылығы атап өтілді.



