Жезқазғанда «Адал азамат: ауыл мектебінің келешегі» атты республикалық семинар-тренинг ұйымдастырылды
Қасиетті Ұлытау жерінде ауылдық білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеруді көздейтін «Адал азамат: ауыл мектебінің келешегі» атты республикалық семинар-тренинг өтті.
Аталмыш жоба Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен, «Ауыл» партиясының және Ұлытау облысы әкімдігінің бірлескен бастамасымен жүзеге асырылуда.. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында «Адал азамат» тұжырымдамасын негізге ала отырып, әділетті қоғамның негізін интеллектуалды әрі жауапкершілігі жоғары ұрпақ қалайтынын баса атап өтті. Іс-шараның салтанатты бөлімінде Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ақылбекова Зина Жұманазарқызы өңірдегі білім саласының жаңа қарқынына тоқталды: «Ұлытау – тарихымыздың тамыры, еліміздің рухани орталығы. Біздің басты міндетіміз – облысымыздағы әрбір ауыл мектебін заманауи технологиялар мен инновацияның орталығына айналдыру. Бүгінгі шара Ұлытау ұстаздарының әлеуетін арттырып, ауыл оқушысының ірі қалалардағы құрдастарымен тең мүмкіндікке ие болуына жол ашады», — деп атап өтті. Жиын барысында ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшесі Айгерім Сарсенбаева цифрлық дәуірдегі бала тәрбиесі мен қауіпсіздігіне баса назар аударды: «Ұлттың ұясы саналатын Ұлытау төрінде «Адал азамат» тұжырымдамасын насихаттаудың мәні зор. Бүгінгі цифрлық дәуірде біз ұрпағымызды тек білімді ғана емес, виртуалды қауіптерден қорғалған, рухани мықты етіп тәрбиелеуге тиіспіз. Балаларды кибербуллинг пен лудомания сынды індеттерден сақтау — мемлекетіміздің болашағы мен ұлттық қауіпсіздігіміздің кепілі. ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның мақсаты -заманауи психологиялық қолдау мен әдістемелік көмектің ең шалғай ауылдық отбасына дейін кедергісіз жетуін қамтамасыз ету», — деп түйіндеді. «Ауыл» партиясы Қоғамдық-саяси жұмыс департаментінің директоры Еламан Елемес ауыл мектебінің жаңа миссиясын жариялады:
«Бүгінгі семинар — барлығымызға күшімізді біріктіріп, тиімді жұмыс істеуді үйренудің мүмкіндігі. Себебі, біз үшін ауыл мен қала мектептерінің арасындағы алшақтықты жою маңызды. Білім беру саласындағы жаңа трендтер мен үздік методикаларды ауыл мұғаліміне үйрету осы олқылықтың орнын толтырары анық.», — деді ол.
Семинардың күн тәртібі тек теориямен шектелмей, заман талабына сай ең өзекті тақырыптарды қамтыды. «Білім берудің жаңа парадигмасы: құндылық, сапа және даму» тақырыбындағы пленарлық отырыста «Qazaq Digital Mektebi» жобасы мен цифрлық технологияларды оқу үдерісіне енгізу мәселелері қызу талқыланды. Жиынның екінші бөлімінде қатысушылар төрт секцияға бөлініп, төмендегідей маңызды бағыттар бойынша тәжірибе алмасты: Әлеуметтік тәуекелдермен күрес: Балалардың гаджеттерге тәуелділігі мен лудоманияның алдын алу; Цифрлық сауаттылық: Оқу үдерісінде Жасанды интеллект (AI) мүмкіндіктерін тиімді пайдалану; Киберқауіпсіздік: Мұғалім мен оқушының виртуалды кеңістіктегі қауіпсіздік мәдениеті; Жаһандық білім: Ауыл мұғалімдері мен түлектеріне арналған халықаралық бағдарламалар мен басқарудың икемді (Agile) тәсілдері. «Келешек» мектебінде өткен бұл семинар-тренинг – ауыл мектебінің жай ғана білім ордасы емес, заманауи технологиялар мен ұлттық құндылықтар тоғысқан үлкен орталыққа айнала алатынын дәлелдеді. Жиын соңында қатысушылар (барлығы 200 адам) ауылдық білім сапасын арттыру бойынша нақты ұсыныстар жиынын әзірледі.



