БастыСаясат

Бүгін Түркияда V Анталия дипломатиялық форумы (ADF-2026) басталады

Бүгін Түркияда V Анталия дипломатиялық форумы (ADF-2026) басталады. Сарапшылар Анадолы жеріндегі диалог алаңында геосаяси жағдайға қатысты тың ұстаным айтылады деп болжауда. Оған қоса Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың форумда бой көрсетуі түркі интеграциясының жаңа кезеңіне жол ашады деген пікір бар. Осы орайда, назарларыңызға Kazinform халықаралық агенттігі дайындаған сараптамалық мақаланы ұсынамыз. Агенттік шолушысы алқалы басқосудың басты мақсатына үңілген болатын.

Anadolu Ajansı

140 ел, 40 шара: жаһандық тәртіп жаңара ма?

Анталия дипломатиялық форумы Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның бастамасымен 2021 жылдан бері өткізіліп келеді. Әр жылы ғаламдық маңызды мәселелер талқыланып, ортақ шешім ұсыну дәстүрі бекіген. Мысалы, алғашқы ADF 2021 жылы COVID-19 пандемиясынан кейін өткені мәлім. Бұл уақыт әлем елдерінің пандемия құрсауынан шығып, халықаралық қарым-қатынас пен ынтымақтастық тетігін іздеген кезеңі еді. Жиын «Цифрлық дипломатия» және «Азияға қайта оралу» (Asia Anew) бастамаларымен есте қалды.

Кейінгі елеулі жиын 2022 жылы болды. Мұнда қақтығыс басталғалы бері алғаш рет Ресей мен Украина сыртқы істер министрліктері келіссөз өткізді. Осы арқылы түрік дипломатия мектебінің абыройы артып қана қоймай, жиынның келешегіне сенім де үдеген болатын.

2023 жылғы форум Түркиядағы жойқын жер сілкінісіне байланысты өткізілмеді. Алайда кейінгі екі жылда – 2024 және 2025 жылдары басқосуға қатысушылар да, тақырып аясы да кеңи түскені мәлім. Қазір форумға жылына орта есеппен 140 елден өкіл қатысады, демек саяси беделіне деген пікір оң.

Биылғы форумның тақырыбы – «Болашақты жоспарлау, белгісіздікті басқару». ADF аясында 40-тан астам іс-шара өтеді деген болжам бар, соның ішінде мемлекет басшылары деңгейіндегі панельдік талқылаулар жоспарланған. Көшбасшылар жаһандық жүйе, трансформация процесі, аймақтық даму турасында ой бөліспек.

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-дің халықаралық қауіпсіздік бөлімінің бас сарапшысы Мұхит Асанбаев Түркияда кең ауқымды мәселелер қаралады деп отыр.

– Атауы айтып тұрғандай, дипломатиялық форумда халықаралық қатынастар күн тәртібіне көтерілетініне күмән жоқ. Әрбір форум кезінде ғаламда қандай саяси-экономикалық дағдарыс бар, сол тақырыптар қозғалып келді. Бұл жолы да формат пен мазмұн ерекшелігі саяси үрдістерге орай таңдалатын секілді. Еркін кеме қатынасын қамтамасыз ету, босқындар мәселесін шешу, энергетикалық дағдарысты тежеуге қатысты ой айтылуы мүмкін, – дейді Мұхит Асанбаев.

Шынында, ADF-те жаһан қауіпсіздігі жан-жақты сараланатын тәрізді. Оны жоспардан-ақ аңғару қиын емес. Ресми мәліметке сенсек, форум барысында Балқан бейбітшілік платформасы бойынша ІІІ жиын, Газадағы жағдай бойынша сегіз жақты кездесу, Түркі мемлекеттері ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің бейресми кездесуі болады. Көпшілік Түркия-Пәкістан-Сауд Арабиясы-Мысыр форматындағы кездесуді күтіп отыр.

Қазір ADF форумының басым бағыты анық: жаһандық қауіпсіздік және геосаяси тәуекелдер; экономикалық тұрақсыздық; энергетикалық қауіпсіздік; халықаралық әріптестік және дипломатия. Алдағы талқы осы төрт тақырып төңірегінде өрбиді.

TRT Haber

Орталық Азияға орайлы тұс: климат, транзит, инвестиция

Қазақстанның сыртқы саясаттағы негізгі мақсаты – транзит әлеуетін ашу. Сол үшін халықаралық жиындарға қатысып, өзімізді тиімді серіктес ретінде ұсынып келеміз. Мысалы, Орта дәліз жобасы Орталық Азияны Түркия арқылы Еуропамен байланыстырады. Бұл экспорттық бағытты әртараптандыруға тырысып жатқан Қазақстан мен Өзбекстан секілді елдер үшін өте маңызды. Аталған бағытты әлем елдерімен, оның ішінде Түркиямен кеңеспей ілгерілету мүмкін емес.

Мұхит Асанбаев транзит деңгейін арттыру үшін дипломатиялық байланысты арттыру керек санайды.

– Түркі елдері арасындағы саяси және мәдени жақындық Түркі мемлекеттері ұйымының ынтымақтастығына байланысты. Достас мемлекеттердің өзара келісімі Орталық Азияның экономикалық өркендеуіне жол ашады. Осы есеппен алсақ, Анталиядағы басқосуда ТМҰ қауіпсіздігі, Түркі елдерінің инвестициялық қоры секілді бірыңғай экономикалық тетіктер атаусыз қалмайтыны белгілі, – деп атап өтті Мұхит Асанбаев.

Саясаттанушы Жандос Сәрсенбековтің пайымдауынша, Анталиядағы дипломатиялық форум инвестициялық климатты жақсартудың бірден-бір әдісіне айналуы мүмкін.

– Қазір Қиыр Шығыстағы Оңтүстік Корея, Жапония сияқты елдер энергияның балама көзін іздеп жатыр. Көбі Қазақстан мұнайына қызығушылық танытуда. Мәселен, біздегі үлкен кен орындарында Жапонияның үлесі бар, ал Оңтүстік Корея осы секторға қаржы құюға дайын отыр. Егер ADF-те өзіміздің энергетикалық және логистикалық мүмкіндігімізді сәтті жарнамалай алсақ, форумнан кейін қосымша инвестиция еншілер едік, – деп тарқатты Жандос Сәрсенбеков.

Осы тұрғыда Саяси технологиялар орталығының (Баку) президенті, саясаттанушы Вали Алибайов климат мәселесін қалыс қалдырмауды ұсынды. Оның пікірінше, Орталық Азия үшін су дипломатиясын бір жүйеге түсіру өзекті.

– Климат мәселесі – тек ғаламдық жылыну емес, су тапшылығы, азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты өзекті тақырып. Тіпті шекара мен егемендік мәселесі десек болады. Қазір бұрынғы ережелер сақталмай жатыр, жаңа келісімдер әлі шикі. Осындай жағдайда Анталияда барлық тарап климат өзгерісін тежейтін жаңа тетікті бірлесіп әзірлеуі тиіс, – деп бағалады маман.

Antalya

Қауіпсіздік формуласы

Қазақстан үшін Түркияның дипломатиялық жолы жақын. Екі елдің сыртқы саясаттағы бағыты әртүрлі болғанымен, бейбітшілікті қолдау және араағайындық жасауда ұстанымы мәндес келеді. Сондықтан Президенттің Анталия дипломатиялық форумына атсалысуы Қазақстанның «орта держава» ретінде орнын айғақтау ғана емес, геосаяси ахуалдарға арналған ұстанымын ашық жеткізу әдісі екені анық.

Саясаттанушы Жандос Сәрсенбековтің пікірінше, әлем елдері алдында Қазақстан дипломатиясының маңызы жоғары. Әсіресе еліміз мемлекетаралық жанжалды шешу үшін бітім алаңын ұсыну бойынша тәжірибесін бөлісе алады.

– Қазақстан сыртқы саясатта орнықты позиция ұстанып келеді. Серіктес елдер алдындағы міндеттемесін, халықаралық келісімдерді қатаң сақтай білді. Алда бейбітсүйгіш ел ретінде түрлі бастама көтеріп, әлемдік ынтымақты орнатуға ынталы. Сондықтан ара-тұра бітімгерлік миссияларға қатысып, өз алаңын қақтығыстарды шешуге арналған диалог ортасы етуге тырысатынын білеміз, – деді сарапшы.

Спикер заңдарды ратификациялау, ортақ ұстанымдарды мәлімдеу халықаралық қатынастың ажырамас бөлігі санайды. Мұндай процесс көбіне дипломатиялық қатынастың келешегін айқындап, алдағы саяси үрдістерді қалыптастырады деген ойда. Сол себепті Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның дипломатиялық форумға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты арнайы шақыруының саяси астары бар. Яғни түрік тарапы Қазақстанды ADF-тің жай қатысушысы емес, жаңа халықаралық қатынасты бірге құрушы бауырлас ел деп бағалайды деген сөз.

– Мемлекет басшысының форумға қатысуы орынды. Өйткені Қасым-Жомарт Тоқаев дипломатия саласында орасан тәжірибеге ие. БҰҰ-ның басшылық қызметінде болуы да жаһандық қиындықтарға деген сындарлы көзқарастың қалыптасуына көп көмегін тигізеді. Форум қатысушылары ғана емес, әлем көшбасшылары мен сарапшылар оның бағалауын, ұстанымын естігісі келетіні анық, – деп толықтырды спикер.

Akorda

Бакудегі Саяси технологиялар орталығының президенті Вали Алибайов еліміздің араағайындық рөлін жоғары бағалап отыр. Астананың Сирия бойынша бейбіт келіссөздерге ұйытқы болуы, Украина дағдарысына қатысты ұстанымы дипломатия саласындағы шебер тәсіл деп бағалауда. Мұның бәрі Қазақстанды Анталия форумының маңызды қатысушысына айналдырмақ.

– Меніңше, Қазақстан ADF-ке өзгелерге дипломатия тәсілін үйрету үшін емес, қазіргі таңда сұранысқа ие диалог алаңын ұсыну үшін барады. Олай дейтінім, бітімгер ел ретіндегі мәртебе – Қазақстанның «жұмсақ күші». Әлем Қазақстанның сөзіне құлақ асады әрі оның әрдайым парасат пен халықаралық құқық қағидатын жақтайтынына сенеді, – деп қосты Вали Алибайов.

Кейінгі жылдары Қазақстанның халықаралық саяси алаңдарға жиі қатысуы кездесоқ емес. ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-дің халықаралық қауіпсіздік бөлімінің бас сарапшысы Мұхит Асанбаевтың пікірінше, әлемдік сахнаға жиі шығу жаһандық державалар арасындағы тепе-теңдікті сақтауға, сыртқы тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді.

– Ресей, Қытай, АҚШ, ЕО елдерімен байланысты әртараптандырудың пайдасын көріп келеміз. Қазір көлік-логистика мен энергетикаға салынған инвестициясынның көлемі артты, жаһандық дағдарыс кезінде аймақ қауіпсіздігіне зақым келмеді. Нәтижесінде, Қазақстан Орталық Азиядағы дипломатиясының негізгі қозғаушы күшіне айналып, халықаралық саясатта маңызды «ойыншы» санатына енді, – деп түйіндеді спикер.

TuraNews

Back to top button