Спорт
Trending

Түркістанда Бекзат Саттархановты еске алуға арналған ххіv халықаралық турнир басталды

Түркістан қаласындағы «Olympic center» спорт кешенінде бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы, қазақ боксының мақтанышы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған жастар арасындағы ХХІV халықаралық турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл дәстүрлі дода жас боксшылардың шеберлігін шыңдап, халықаралық деңгейдегі тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін маңызды спорттық алаң болып саналады, деп хабарлайды TuraNews.kz.

Салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, батыр боксшының анасы Сырлыкүл Саттарханова және Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов қатысып, жас спортшыларға ақжарма тілектерін білдірді. Құрметті қонақтар Бекзат Саттархановтың қазақ спортына қосқан өлшеусіз үлесін атап өтіп, оның есімін ұлықтау – жас ұрпаққа үлкен жауапкершілік пен рух беретінін жеткізді.

Дәстүрлі халықаралық турнир 30 наурыз бен 4 сәуір аралығында өтеді. Жарыс барысында ерлер 10 салмақ дәрежесінде, ал қыздар 5 салмақ бойынша сынға түсіп, ел және халықаралық деңгейдегі үздік боксшылар анықталатын болады. Биылғы додаға Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Моңғолия, Тәжікстан, Әзербайжан елдерінен және Қазақстанның барлық өңірлерінен келген 252 спортшы қатысуда. Оның ішінде 209 ер және 43 қыз спортшы чемпиондық атақ үшін шаршы алаңда бақ сынайды.

Айта кету керек, бұл турнирдің маңызы ерекше. Себебі дәл осы халықаралық бәсеке барысында ел намысын халықаралық ареналарда қорғайтын жастар құрамасы жасақталады. Жас былғары қолғап шеберлерінің өнерін Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Бақыт Сәрсекбаев қатаң бақылап, үздік спортшыларды іріктейді.

Іріктелген боксшылар алдағы Азия және әлем чемпионаттарына, сондай-ақ халықаралық ірі турнирлерге қатысу мүмкіндігіне ие болады. Бұл жас спортшылар үшін үлкен спортқа бастайтын маңызды баспалдақ болып табылады.

Сонымен қатар турнир аясында спортшылардың шеберлігін арттыруға бағытталған тәжірибелік кездесулер, шеберлік сабақтары және жаттығу жиындары ұйымдастырылуда. Мұндай іс-шаралар жас боксшылардың кәсіби дамуына және халықаралық тәжірибе жинақтауына ықпал етеді.

Түркістан төрінде өтіп жатқан бұл халықаралық турнир қазақ боксы тарихында өзіндік орны бар Бекзат Саттархановтың есімін ұлықтап қана қоймай, жаңа чемпиондардың қалыптасуына жол ашуда.

TuraNews

Back to top button