
Қазақстан Республикасының Үкіметі ұлы ойшыл, түркі әлемінің рухани көшбасшысы Қожа Ахмет Ясауи мұрасын жан-жақты зерделеу, сақтау және кеңінен насихаттау мақсатында 2026–2028 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарын бекітті. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. Бұл шешім еліміздің рухани-мәдени дамуына бағытталған стратегиялық қадамдардың бірі болып саналады, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Құжатта жалпы саны 37 іс-шара қамтылған. Олар ұлы ойшылдың бай рухани мұрасын жүйелі түрде зерттеуге, тарихи-мәдени құндылықтарды сақтауға және оларды кең аудиторияға танытуға бағытталған. Сонымен қатар, бұл бастама Түркістан қаласын тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл түркі әлемінің маңызды рухани туризм орталығы ретінде дамытуға серпін береді.
Жоспар бес негізгі бағытты қамтиды: институционалдық және құқықтық базаны жетілдіру; ғылыми-зерттеу және білім беру жұмыстарын дамыту; мәдени-ағартушылық және шығармашылық жобаларды жүзеге асыру; ақпараттық-имидждік және халықаралық іс-шараларды ұйымдастыру; сондай-ақ тарихи мұраларды қалпына келтіру және реставрациялау жұмыстарын жүргізу.Аталған құжатта жастармен және мектеп оқушыларымен жұмыс істеуге ерекше мән берілген. Бұл бағыттағы іс-шаралардың басым бөлігі Түркістан қаласында өткізіледі. Атап айтқанда, оқушылар арасында дәстүрлі «Ясауитану» байқауының республикалық кезеңін ұйымдастыру, сондай-ақ қаладағы музей жанынан арнайы «Ясауитану» клубын ашу жоспарланып отыр. Бұл бастамалар жас ұрпақтың тарихи сана-сезімін қалыптастыруға және ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар жоспар аясында Қожа Ахмет Ясауидің шығармалары мен ғылыми еңбектерін жүйелі түрде басып шығару, оның мұрасын отандық және шетелдік ғылыми орталықтар мен архивтерде зерттеу жұмыстарын кеңейту, сондай-ақ қолда бар құжаттар мен архивтік материалдардың бірыңғай каталогін әзірлеу көзделген.
Ясауи мұрасын халықаралық деңгейде кеңінен насихаттау мақсатында туристерге арналған ақпараттық құралдарды жаңарту жоспарланған. Олардың қатарында заманауи гайдбуктар, бейнероликтер, аудиогидтер әзірлеу және шетелдік туристерге бейімделген жаңа туристік маршруттарды қалыптастыру бар. Сонымен бірге Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде ғылыми-реставрациялық жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу де қарастырылған.
Жоспар шеңберінде ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасы аясында Ясауи мұрасына қатысты жазба деректерді халықаралық деңгейде таныту, сондай-ақ ЮНЕСКО мен ИСЕСКО ұйымдары аясында «Ясауи жылы» немесе арнайы мәдени күндерді жариялау мәселесін қарастыру да көзделген.
Аталған іс-шаралар кешенінің жүзеге асырылуы Қожа Ахмет Ясауи мұрасын сақтау мен зерттеу жұмыстарын жаңа деңгейге көтеруге, оның әлемдік кеңістікте танылуын арттыруға, сондай-ақ Түркістан қаласының рухани, мәдени және туристік орталық ретіндегі әлеуетін одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.


