ҚоғамМәдениет
Trending

Түркістан: Ордабасыда даңқты балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының 155 жылдығы кең көлемде аталып өтті

Түркістан облысы Ордабасы ауданында қазақ халқының даңқты перзенті, әлемге әйгілі балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының 155 жылдық мерейтойы кең көлемде және жоғары деңгейде аталып өтті. Бұл айтулы дата ұлттық спорттың дамуына серпін беріп, жас ұрпақты отансүйгіштік пен рухани құндылықтарға тәрбиелеуге бағытталған маңызды шаралардың бірі болды, деп хабарлайды TuraNews.kz.

Мерекелік іс-шара аудан орталығы Темірлан елді мекеніндегі Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы мәдени-спорт кешенінде ұйымдастырылды. «Қажымұқан – даланың дара батыры» атты салтанатты бағдарлама аясында тағылымды басқосу өтіп, оған зиялы қауым өкілдері, спорт ардагерлері, еліміздің әр өңірінен келген қонақтар, сондай-ақ Қажымұқан бабамыздың ұрпақтары қатысты.

Жиын барысында аудан әкімі Азат Оралбаев сөз сөйлеп, Қажымұқан Мұңайтпасұлының тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі әлемінің мақтанышы екенін атап өтті. Ол өз сөзінде балуанның ерлігі мен қайсарлығы бүгінгі жастар үшін үлкен үлгі екенін жеткізіп, ұлттық спортты дамыту бағытындағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.

Сонымен қатар мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері және спорт саласының ардагерлері де сөз алып, ұлы балуанның тарихи тұлғасы мен қазақ спортының қалыптасуындағы рөлін ерекше атап өтті. Қажымұқан Мұңайтпасұлының немересі Нұрлан Қажымұқан да баба рухына тағзым етіп, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Салтанатты шара аясында мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасы ұсынылып, Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмір жолы мен ерлігін бейнелейтін театрландырылған қойылымдар сахналанды. Көрермендерге тарихи деректер негізінде дайындалған қойылымдар ерекше әсер қалдырды.

Сонымен бірге шара барысында Қажымұқан рухына арналған ерекше күш көрсету элементтері – тас сындыру, темір майыстыру, ауыр салмақ көтеру сынды көріністер қойылып, көрермендердің зор қызығушылығын тудырды. Бұл қойылымдар балуанның қайталанбас күш-қуатын символикалық түрде бейнеледі.

Мерейтой аясында қазақ күресінен жасөспірімдер арасында облыстық ашық турнир ұйымдастырылып, өз мәресіне жетті. Ауқымды спорттық додаға аудан мен облыс тұрғындары, спорт жанашырлары, ардагерлер және жас балуандар қатысты. Бұл турнир ұлттық спорт түрін кеңінен насихаттауға және жас спортшылардың шеберлігін арттыруға мүмкіндік берді.

Боз кілемге шыққан жасөспірімдер тартысты белдесулер өткізіп, өзара мықтыларды анықтады. Жарыс нәтижесінде жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы марапаттармен, дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Түркістан облысында ұлттық спортты дамыту, тарихи тұлғаларды ұлықтау және жас ұрпақтың рухани тәрбиесін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.

TuraNews

Back to top button