
Түркістан облысының мәдениеті мен өнері халықаралық деңгейде кеңінен дәріптеліп, өңірдің рухани-мәдени әлеуеті шетелдік аудиторияға тұрақты түрде таныстырылып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар Қазақстан Республикасының шетелдердегі дипломатиялық өкілдіктерімен тығыз байланыста жүзеге асырылуда, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Француз Республикасы мен Испания Корольдігіндегі Қазақстан Республикасының Елшіліктерінің шақыртуымен Түркістан облысы мәдениет басқармасына қарасты «Конгресс Холл» кешенінің Республикалық байқаулар лауреаты «Алқоңыр» фольклорлық ансамблі Еуропа төрінде «Наурыз думан» атты мерекелік концерттік бағдарламасын жоғары деңгейде ұсынды. Аталған гастрольдік сапар қазақ мәдениетін халықаралық деңгейде насихаттаудың маңызды қадамы ретінде бағаланды.
Нақтырақ айтқанда, фольклорлық ансамбль Франция астанасы Париж қаласында және Испания астанасы Мадрид қаласында өнер көрсетіп, шетелдік көрермендердің ерекше ықыласы мен зор қызығушылығына бөленді. Концерт барысында қазақ халқының бай мәдени мұрасы, ұлттық өнері кеңінен дәріптеліп, дәстүрлі ән-күй, фольклорлық шығармалар және ұлттық сахналық қойылымдар жоғары кәсіби деңгейде орындалды.
Мадрид қаласындағы концертке жиналған тұрғындар мен қала қонақтары өнерпаздарға ерекше қошемет көрсетіп, ұзақ қол шапалақтау арқылы өз ризашылықтарын білдірді. Ал Париж төрінде өткен мәдени кеште ұлттық өнердің көркем үлгілері ұсынылып, көрермендер тарапынан жоғары баға алды. Шетелдік аудитория қазақ мәдениетінің тереңдігі мен ерекшелігіне ерекше қызығушылық танытты.
Осылайша, қазақ халқының бай мәдени мұрасы Еуропа елдерінің мәдени кеңістігінде кеңінен таныстырылып, ұлттық өнеріміздің бәсекеге қабілеттілігі мен жоғары деңгейі тағы бір мәрте дәлелденді.
«Наурыз думан» концерттік бағдарламасы арқылы ұлттық құндылықтарымыз ұлықталып, қазақ мәдениеті мен өнері халықаралық деңгейде жүйелі түрде насихатталуда. Мұндай іс-шаралар Түркістан өңірінің мәдени бренді мен имиджін арттыруға да айрықша үлес қосады.
Айта кетейік, «Алқоңыр» фольклорлық ансамблінің бұл гастрольдік сапары Қазақстан Республикасының Франция және Испаниядағы Елшіліктерінің қолдауымен жүзеге асырылып, екі ел арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға ықпал етті.



