Спорт

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров талантты теннисші Заңғар Нұрланұлымен кездесті

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров талантты жас теннисші, 18 жасқа дейінгі спортшылар арасында әлемнің 9-шы ракеткасы, Аустралия және АҚШ-тың ашық чемпионаттарының жасөспірімдер арасындағы жартылай финалисі, халықаралық турнирлердің жеңімпазы Заңғар Нұрланұлын қабылдады.

Кездесу барысында өңір басшысы жас спортшының халықаралық ареналардағы жоғары жетістіктерін ерекше атап өтіп, оның табандылығы мен еңбекқорлығын жоғары бағалады.

Облыс әкімі өз сөзінде Түркістан өңірінде бұқаралық және кәсіби спортты дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Жаңа спорттық нысандардың салынуы, заманауи жаттығу базаларының ашылуы жас спортшылардың үлкен спортқа жол ашуына мүмкіндік беріп отырғанын жеткізді.

– Аустралия, АҚШ және өзге де елдердегі сайыстардағы жетістіктеріңізге қуанып отырамыз. Түркістан жұртшылығы ғана емес, бүкіл қазақ елі өзіңізді мақтан тұтады. Біз талантты бауырымызды қолдауға әрқашан дайынбыз. Алдағы сайыстарға сәттілік тілеймін. Үлкен дулыға турнирлерінде топ жарып, Надаль, Федерер сынды әлемдік деңгейдегі спортшылар қатарына қосылуыңызға тілектеспіз. Түркістан – тарихи әрі қасиетті өңір. Дүние жүзінде екінші Түркістан жоқ. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының қолдауымен өңірдің дамуына айрықша көңіл бөлінуде. Қаланың инфрақұрылымы қарқынды дамып, жаңа әлеуметтік және спорттық нысандар бой көтеруде. Осындай кешендерден болашақта ел намысын қорғайтын мықты спортшылар шығатынына сенеміз, – деді Нұралхан Көшеров.

Кездесу соңында өңір басшысы Заңғар Нұрланұлы мен оның әкесі әрі менеджері Нұрлан Момбековке құрмет көрсетіп, алдағы мақсаттарына сәттілік тіледі.

Өз кезегінде Заңғар Нұрланұлы да алдағы жоспарларымен бөлісті. Ол Аустралиядағы жарыс барысында алған жарақатын емдеп, бір айлық үзілістен кейін қайта жаттығуларын жалғастырып, алдағы халықаралық турнирлерге тыңғылықты дайындалатынын айтты.

– Мақсатым – еліміздің атын шығарып, көк туымызды биікке көтеру. Шетелде жүрсем де, өздеріңіздің және жанкүйерлеріміздің қолдауын үнемі сезініп жүрмін. Баршаңызға алғысымды білдіремін, – деді жас спортшы. Сонымен қатар ол облыс әкіміне қолтаңбасы қойылған теннис ракеткасын естелік ретінде табыс етті.

Теннисшінің әкесі әрі көмекші-менеджері Нұрлан Момбеков отбасының соңғы алты жыл бойы Еуропада тұрып, Заңғардың кәсіби деңгейде дамуына толық жағдай жасап келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, жас спортшы «Түркістан теннис клубы» мемлекеттік мекемесіне ресми тіркелген және халықаралық жарыстарда Қазақстанның намысын абыроймен қорғап жүр.

– Шетелде жүрсек те, туған еліміздің, Түркістан өңірінің жаңалықтарын үнемі бақылап отырамыз. Өңірдің дамуы, жаңа жобалар мен өзгерістер бізді қуантады. Қасиетті Түркістанға келіп, рухани серпіліс алдық. Алдағы уақытта да үлкен мақсаттарымыз бар. Ересектер арасындағы турнирлерге өтіп, Олимпиада ойындарында және өзге де ірі жарыстарда ел намысын қорғауды көздейміз, – деді ол.

Айта кетейік, Заңғар Нұрланұлы – жасөспірімдер арасында әлемнің үздік 10 теннисшісі қатарына енген тұңғыш қазақ спортшысы. Ол халықаралық турнирлердің жеңімпазы әрі жүлдегері болып табылады.
Түркістан облысында бұқаралық спортты дамыту, дарынды жастарды қолдау және халықаралық деңгейдегі спортшыларды тәрбиелеу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.

TuraNews

Back to top button