Қазақстан мен Ресейдің ұлттық қауіпсіздік қызметтері бірге арнайы операция өткізді
ҚР ҰҚК мен ІІМ Ресейлік Федералдық қауіпсіздік қызметі және ІІМ-мен бірге арнайы операция өткізді, деп хабарлайды Turanews.kz ҚР ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет Басшысы тапсырмасының аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігі ұйымдасқан қылмыстың елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға тигізетін әсерін төмендету бойынша жұмысты жалғастыруда.
2023 жылғы 3 қаңтарда ҚР ҰҚК мен ІІМ Ресейлік Федералдық қауіпсіздік қызметі және ІІМ-мен бірге Байқоңыр қаласында құрамына Қазақстан және Ресей азаматтары кірген қоғамға қауіпті ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кесу бойынша бірлескен арнайы операцияны іске асырды.
Бір уақытта Астана, Қызылорда және Қонаев қалаларында аталған топтың көмекшілері ұсталды.
Жалпы арнайы операция барсында ұйымдасқан қылмыстық топтың 18 басшылары мен белсенді мүшелері ұсталды.
Олардың тұрғылықты жерлері бойынша атыс қаруы, ақшалай қаржы және тергеу үшін қызығушылық тудыратын өзге де материалдар алынды.
Қылмыстық топтың адам ұрлауға, бопсалауға, қарумен қарақшылық шабуылдау және ұрлыққа қатыстылығы бары анықталды. Қылмыстық элементтер ұзақ уақыт бойы Байқоңыр қаласы және Қызылорда облысындағы қылмыстық ахуалға кері әсер етіп келіп, ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасауда қатыгездіктерімен ерекшеленген.
Мысалы, 2022 жылғы қыркүйекте қылмыстық топтың қатысушылары арасындағы қарулы қақтығыс салдарынан көшеден өтіп бара жатқан бейбіт адам оқ жарақатын алып, оқиға орнында көз жұмған.
ҰҚК қызметкерлері арнайы операцияны прокуратурамен келісе отырып, жедел-іздеу және техникалық іс-шаралардың кешенін жүргізу арқылы көп айлар бойы тыңғылықты әзірлеп келген.
Қазіргі уақытта сот алды тергеу аясында ұсталғандардың өзге де қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде және қажетті тергеу амалдары жүргізілуде.