1-3 сәуір аралығында Түркия Республикасы Сауда министрлігі, Түркияның Әділет және даму партиясының Түркі мемлекеттерімен байланыс жөніндегі төрағалығы және Түркістан облысы әкімдігі, Қыршехир Ахи Евран университеті мен Ахмет Ясауи ынтымақтастық және даму қауымдастығы бірлесе ұйымдастыруымен «Қожа Ахмет Ясауи ізімен қолөнершілер (ахилік)» атты халықаралық симпозиум ұйымдастырылды.
Ғылыми жиынның басты мақсаты — Орталық Азиядан Анадолыға дейін жайылған сопылық ілім мен «ахилік» дәстүрінің тарихи маңызын зерделеу және осы құндылықтарды қазіргі заман тұрғысынан қайта жаңғырту.
Симпозиумға Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мустафа Капуджу арнайы қатысып, сөз сөйледі. Елші мырза өз баяндамасында Қожа Ахмет Ясауи мен Ахи Евранның Түркі әлемінің ортақ тұлғалары екенін, олардың ілімі бауырлас халықтардың мәдени-рухани біртұтастығының негізі болып табылатынын атап өтті.

Жиын барысында ғалымдар мен зерттеушілер «ахилік» (қолөнершілер одағы) жүйесінің тек экономикалық құрылым емес, сонымен бірге моральдық, этикалық және әлеуметтік тәрбие мектебі болғанына тоқталды. Түркі халықтарының ортақ құндылықтарына негізделген бұл дәстүрдің бүгінгі нарықтық қатынастардағы кәсіптік этиканы қалыптастырудағы рөлі қызу талқыланды.



