Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде өтіп жатқан «Қожа Ахмет Ясауи ізімен қолөнершілер (ахилік)» атты халықаралық симпозиум бауырлас елдердің болашақ экономикалық бағытын айқындаған маңызды жиынға айналды. Алқалы жиынға қатысқан Түркияның Әділет және даму партиясы төрағасының орынбасары және Түркі мемлекеттерімен байланыс жөніндегі төрағасы, профессор Күршад Зорлу түркі дүниесіне ортақ жаңа іскерлік ынтымақтастық моделін таныстырды.
Күршад Зорлуның айтуынша, бауырлас мемлекеттер арасындағы байланыс тек дипломатиялық деңгейде қалмай, күнделікті кәсіпкерлік пен сауда этикасына енуі тиіс. Орта ғасырлардағы Түркістан топырағында қалыптасқан, адалдық пен кәсіби шеберлікті ұштастырған «Ахилік» мектебін бүгінгі заман нарығына бейімдеу – уақыт талабы. Аталған жүйе Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы кәсіпкерлердің өзара сенімін нығайтып, ортақ стандарттарды қалыптастыруға жол ашады.

Күршад Зорлуның пайымдауы бойынша, бабалар мұрасы мен қазіргі технологияны ұштастырған мұндай қадамдар Түркі әлемін жаһандық нарықтағы қуатты күшке айналдырмақ.
«Қожа Ахмет Ясауиден бастау алған осы қасиетті дәстүрдің ізі Ахи Евран тұлғасы арқылы жалғасын тауып, жаңа сипатқа ие болды. Ендеше, аталған жүйені алдымен Түркия мен Қазақстан арасындағы іскерлік, сауда және мекемеаралық қарым-қатынастарға бейімдеу арқылы Атажұрттан Анажұртқа дейінгі ұлы серпілісті бастайық, содан кейін оны бүкіл Түркі әлеміне тараталық», — деді ол.
Аталған бастама алдағы уақытта Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық серіктестіктің жаңа экономикалық тетігіне айналуы әбден мүмкін.



