Денсаулық

ШҚО Волчанка ауылында жаңа отбасылық дәрігерлік амбулатория ашылды

Шемонаиха ауданына қарасты Волчанка ауылында аудан әкімі Дидар Кеңесбаевтың қатысуымен отбасылық дәрігерлік амбулаторияның техникалық ашылуы өтті. Бұл — ауыл тұрғындарының денсаулығын нығайтуға бағытталған игі бастамалардың бірі, халық игілігі жолындағы нақты қадам.

Заманауи талаптарға сай салынған медициналық нысан Шығыс Қазақстан облысында жүзеге асырылып жатқан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында бой көтерді. Жобаның басты мақсаты — ауылдық жерлердегі медициналық қызмет сапасын арттырып, оны халыққа барынша қолжетімді ету.

Жаңа амбулатория бір ауысымда 25 адамды қабылдауға қауқарлы. Жалпы ауданы 440 шаршы метрді құрайтын ғимаратта 23 кабинет қарастырылған. Мұнда науқастарды қабылдауға және медицина қызметкерлерінің сапалы қызмет көрсетуіне барлық қажетті жағдай жасалған.

Ендігі уақытта Волчанка ауылының тұрғындары дәрігер көмегін алыстан іздемей, өз ауылында-ақ дер кезінде әрі сапалы медициналық қызмет ала алады. Бұл — ауыл өмірінің сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі.

TuraNews

Back to top button