Наурыз мерекесі аясында өткен ұлттық киімдер шеруіне шамамен 2000-ға жуық қонақ қатысты

Наурыз мерекесіне арналған онкүндік аясында Maxi Mall сауда-ойын-сауық орталығында «Біз – біртұтас Қазақстан халқымыз» атты ұлттық киімдер шеруі өтті. Іс-шара ұлттық дәстүр мен заманауи сәнді үйлестірген, көктемгі жаңару мен бірліктің жарқын мерекесіне айналды.
Кеш қонақтары Қазақстанның бай мәдени мұрасына жақынырақ танысуға мүмкіндік алды. Сахнада дәстүрлі қазақ ұлттық киімдерінің классикалық үлгілерімен қатар, олардың заманауи үлгідегі нұсқалары ұсынылды. Дизайнерлер мен шеберлер ұлттық ою-өрнектермен безендірілген бірегей киім үлгілерін таныстырып, онда ұлттық нақыш пен қазіргі сән үрдістері үйлесім тапты. Қолөнер шеберлерінің туындылары көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды.
Шара мазмұнды концерттік бағдарламамен жалғасты. Сахнадан әсем әндер мен күйлер шырқалып, Наурыз мерекесінің шынайы рухын сезіндірді. Өнерпаздардың өнері кешке ерекше жылулық пен көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Сонымен қатар, ұлттық киіммен келген қатысушылар арасында арнайы байқау ұйымдастырылды. Қатысушылар дәстүрлі, креативті және отбасылық образдарын ұсынып, өзара бақ сынасты. Байқау қорытындысы бойынша «Ең дәстүрлі образ», «Ең креативті образ», «Отбасылық образ» және «Үздік балалар киімі» номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталып, арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Ауқымды іс-шараға қала тұрғындары мен қонақтарын қоса алғанда 2000-ға жуық адам қатысты. Бұл ұлттық мәдениетке, дәстүрлерге және олардың заманауи жаңғыруына деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетеді.
Ұлттық киімдер шеруі бірліктің жарқын көрінісіне айналып, Қазақстан мәдениетінің байлығы мен көптүрлілігін айқындады. Сонымен қатар, мұндай шаралар ұлттық құндылықтарды сақтаудың маңыздылығын атап өтіп, оларды жас ұрпаққа кеңінен насихаттауға ықпал етеді. Кеш қонақтардың жүрегінде жылы әсер қалдырып, Наурыз мерекесі аясындағы есте қаларлық оқиғалардың біріне айналды.



