
Синоптиктердің мәліметінше, алдағы күндері еліміздің басым бөлігінде кең антициклонның ықпалымен жауын-шашынсыз әрі жылы ауа райы орнайды.
Алайда еліміздің батыс өңірлерінде жаңбыр жауып, түнде найзағай ойнауы мүмкін. Әсіресе 28 наурызда Маңғыстау облысында нөсер жаңбыр күтілуде. Сонымен қатар, Солтүстік Қазақстанда 26 наурызда, ал Шығыс Қазақстанда 27-28 наурыз аралығында жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын болады деп болжануда. Республиканың солтүстік және шығыс аймақтарында тұман түсіп, көктайғақ болуы ықтимал.
Ауа температурасы бойынша ең жоғары көрсеткіш оңтүстік өңірлерде тіркеліп, күн 30 градусқа дейін ысуы мүмкін. Еліміздің өзге аймақтарында да айтарлықтай жылыну күтілуде: батыс пен солтүстік-батыста 15–25 градус, орталықта 13–24 градус, ал солтүстік пен шығыста 10–17 градус жылы болады. Таулы аймақтарда термометр бағаны 10–15 градус жылылықты көрсетеді.


