Шығыс Қазақстанда Тазару күні ауқымды экологиялық акциялармен атап өтілді. Өңірдің әр аймағында еріктілер, тұрғындар мен мемлекеттік қызметкерлер бірігіп, бұлақ көзін ашып, өзен-көлдердің жағалауын қоқыстан тазартуға кірісті.
Экологиялық бастамалар «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы шеңберінде ұйымдастырылып отыр. Ауқымды акция аясында ел бойынша «Мөлдір бұлақ» іс-шарасы қолға алынып, табиғи су көздерін қалпына келтіруге ерекше назар аударылуда.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа үндеу жасап, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының жаңа кезеңіне жол ашатын «Мөлдір бұлақ» акциясын бастап берді. Облысымыздың әр қала, ауданында тиісті жұмыстар қолға алынды. Елдегі су қорының 40 пайызы орналасқан біздің өңірде арықтарды тазалау, бұлақтардың көзін ашу жылда жүргізілетін маңызды жұмыс», – деді акцияға қатысқан Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Акция аясында еріктілер мен жергілікті тұрғындар Өскемен іргесінде орналасқан Шешек асуындағы бұлақтың көзін ашып, Бестерек пен Сағыр ауылдарының арасындағы Ұранқай өзені бойында тазалық жұмыстарын жүргізді. Қатысушылар өзен арнасын қоқыстан арылтып, жағалауды ретке келтірді, сондай-ақ Бүркітбастау бұлағының көзін ашты.
«Тазару күні — табиғатқа жанашырлықпен қарап, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруға үндейтін күн. Десе де тазару — тек айналаны тазарту ғана емес, ол — ой мен ниетті, өмір салтымызды жаңғырту, табиғатпен үйлесімді өмір сүруге ұмтылу. Ортақ Отанымыздың экологиялық тепе-теңдігін сақтау — баршамызға міндет», – деді аймақ басшысы.
Айта кетейік, бұлақ көзін ашу – көктемгі жаңарудың символы саналатын, халқымыздың ежелден келе жатқан игі дәстүрлерінің бірі.



