Қоғам

Өскеменде әскери қызметшілер Наурыз мерекесін ұлттық дәстүрлермен атап өтті

Өскемен қаласындағы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының плацында Наурыз мерекесіне орай ауқымды мәдени іс-шара ұйымдастырылды. Шара барысында офицерлер мен сержанттар алғаш рет қазақтың ұлттық дәстүрлерін — «Тұсаукесер», «Сырға салу», «Беташар» рәсімдерін көпшілікке ұсынды.

Мерекелік бағдарламаның маңызды сәттерінің бірі — «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Арман Жұмағалиевтің қатысуымен өткен тұсаукесер рәсімі болды. Қолбасшы тәй-тәй басып келе жатқан бүлдіршіннің тұсауын кесіп, ақ батасын берді. Бұл көрініс шараға жиналған қауымға ерекше әсер сыйлады.

Сонымен қатар, мерекелік іс-шара аясында ұлттық рухты дәріптейтін спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Қатысушылар «Арқан тартысу» және гир көтеру бойынша өзара бақ сынасып, ептілік пен күштерін көрсетті.

Плацта үш киіз үй тігіліп, қонақтарға арналған дастарқан жайылды. Үш қазанда дайындалған Наурыз көже, палау және ет тағамдары келген жұртшылыққа ұсынылды.

Айта кетейік, шараға қатысушылардың барлығы ұлттық киім киіп, мерекенің мазмұнын байытып, көркін одан әрі аша түсті.

TuraNews

Back to top button