Қоғам

Ұлытау облысында Наурыз мейрамын мерекелеуге арналған брифинг өтті

2026 жылғы 17 наурыз күні Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ұлытау облысы мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы М.Е. Табылдиннің қатысуымен Наурыз мейрамын мерекелеуге арналған брифинг өтті.

Брифинг барысында спикер биыл Наурыз мейрамы 2024 жылдан бері қалыптасқан Наурызнама онкүндігі форматында атап өтілетінін жеткізді. Сонымен қатар, мерекелік іс-шараларда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылып отырғаны атап өтілді.

Наурызнама онкүндігі 14 наурыз – Көрісу күнінен бастау алды. Бұл күні Жезқазған қаласындағы «Ғарышкерлер» бақжолында «Көрісу – бабалардың аманаты» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, ұлттық дәстүрлердің маңызы кеңінен насихатталды. Іс-шара барысында театрландырылған қойылымдар көрсетіліп, концерттік бағдарлама ұсынылды. Сонымен қатар, облыстық әмбебап кітапхана ұйымдастырған көрмеде AR технологиялары мен жасанды интеллект қолданылып, келушілерге интерактивті форматта тарихи-танымдық мәліметтер ұсынылды.

15 наурыз – Қайырымдылық күні аясында өңір бойынша бірқатар әлеуметтік маңызы бар акциялар өткізілді. Мұқтаж жандарға көмек көрсетіліп, қайырымдылық шаралары арқылы қоғамдағы бірлік пен адамгершілік құндылықтары дәріптелді.

16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай Қаражал қаласында «Салт-дәстүрім – қазынам» атты іс-шара ұйымдастырылып, ұлттық құндылықтарды заманауи технологиялар арқылы насихаттау жұмыстары жүргізілді.

17 наурыз – Шаңырақ күні аясында Сәтбаев қаласында кезекте тұрған азаматтарға арендалық тұрғын үйлердің кілттерін табыстау жоспарланған.

Алдағы күндері Наурызнама онкүндігі аясында бірқатар мазмұнды іс-шаралар өткізіледі. Атап айтқанда, 18 наурыз – Ұлттық киім күніне орай Жаңаарқа ауданында «Ұлттық киімдер шеруі» өтсе, 19 наурыз – Жаңару күні цифрлық трансформация тақырыбына арналып, заманауи технологиялар көрмесі ұйымдастырылады.

20 наурыз – Спорт күні ұлттық ойындармен жалғасып, 21 наурыз – Ынтымақ күні Жезқазған қаласында кең ауқымды мерекелік шаралар өтеді.

22 наурыз – Наурыз мейрамы күні облыс орталығы Жезқазған қаласында ауқымды мерекелік бағдарлама ұйымдастырылып, киіз үйлер тігіліп, ұлттық тағамдар жәрмеңкесі, қолөнер көрмелері мен концерттік бағдарламалар ұсынылады.

Наурызнама онкүндігі 23 наурыз – Тазару күнімен қорытындыланып, өңір бойынша экологиялық акциялар, сенбіліктер мен абаттандыру жұмыстары өткізіледі.

Спикер өз сөзінде Наурыз мейрамы – ұлт бірлігін нығайтатын, рухани құндылықтарды жаңғыртатын маңызды мереке екенін атап өтіп, барлық тұрғындарды мерекелік іс-шараларға белсенді қатысуға шақырды.

 

TuraNews

Back to top button